Ссылки доступа

Тәжік оппозиционерінің Германиядан депортацияланған ұлы абақтыға қамалған 


Абдулло Шамсиддин
Абдулло Шамсиддин

Тәжік оппозиционері Шамсиддин Саидовтың Германиядан Тәжікстанға депортацияланған ұлы Абдулло Шамсиддиннің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырғаны белгілі болды. Бұл туралы Озоди радиосы оның жұбайы Сумая Пироваға сілтеме жасап хабарлады. 

"Кеше күйеуіммен телефон арқылы сөйлестім. Ол денсаулығы, қамау шарттары жақсы екенін айтты. Бірақ өзіне қандай айыптар тағылғанын айтпады", - деді Пирова.

Германияда 2009 жылдан бері тұрып келе жатқан 32 жастағы Абдулло Шамсиддин отанына 18 қаңтарда депортацияланып, одан бері қайда екені белгісіз болған. Әкесі Шамсиддин Саидов бұған неміс билігіне жеке мәліметтері жөнінде теріс ақпарат бергені себеп болғанын жеткізген.

Шамсиддин Саидов Тәжікстандағы "Исламның қайта жаңғыруы" партиясының негізін қалаған Саид Абдулло Нуридің көмекшісі болған. Оның өзі сырттай 15 жылға сотталған.

Осыған дейін тәжік оппозиция өкілдерінен құралған "Тәжікстанның ұлттық альянсы" егер Абдулло Шамсиддин отанына депортацияланса, ол түрмеге қамалып, азапталуы мүмкін екенін білдірген.

XS
SM
MD
LG