Ссылки доступа

Мамандар Сардоба су қоймасында "техногенді апат" қайталануы мүмкін екенін ескерткен


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сардоба су қоймасында
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сардоба су қоймасында

Өзбекстан Жоғарғы сотының сот алқасы 2020 жылғы 1 мамырда Сардоба су қоймасында болған техногенді апат салдары туралы қылмыстық істің апелляциялық шағымын қарап жатыр.

Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметінің прокуратурадағы дереккөзі хабарлады.

Қылмыстық іс аясында "Өзбекстан темір жолдары" компаниясы Гидротехникалық құрылымдар құрылысы дирекциясының 29 қызметкеріне айып тағылған.

Соттың алғашқы инстанциясы оларға айыппұл салу, еркіндігін шектеу және түзеу жұмысына салу жазаларын шығарған. Сотталушылардың барлығы дерлік сот үкіміне риза болмай, жоғары инстанцияға шағым түсірген.

Апелляциялық арызды қарау 2022 жылғы 18 желтоқсанда басталды, бірақ елде ауа райының күрт сууы және басқа да себептерге байланысты сот ұзақ уақыт үзіліс жариялады.

"Сот ірі техногенді апат себептері, құрылыс жобасы және апаттың қайталану мүмкіндігі туралы айтатын куәгерлерді тыңдап жатыр", - дейді прокуратура өкілі.

Мәліметтерге қарағанда, Республикалық сот сараптама орталығы Сардоба су қоймасының құрылысы толық бітпегенін, техногенді апат қайталануы мүмкін екенін анықтаған.

Адвокаттар мен сотталушылардың бірқатарының айтуынша, сот олардың сұрақтарына назар аудармай отыр. Бұған қоса, олар қойған сұрақтар сот отырысының хаттамаларына түспей қалған.

Сотталушылар сот алқасы "жоғарыдан" тапсырма күтіп отыр, сот материалдарының көпшілікке тарап кетуінен қауіптенеді деп есептейді.

Олардың айтуынша, Сардоба су қоймасының құрылысына тапсырыс беруші - Өзбекстан су шаруашылығы министрі Шавкат Хамроев тергеуге тартылмаған. Оны апелляциялық сотқа шақыру туралы оннан астам арыз түскен, бірақ сот оларды қанағаттандырмаған.

2021 жылғы 10 мамырда Өзбекстан Жоғарғы соты Сарбода су қоймасындағы апатқа байланысты іс бойынша алғашқы үкім шығарып, 19 сотталушыға жаза тағайындады. Екінші сот Ташкент қалалық сотында жабық өтті. 2022 жылғы 12 қыркүйекте сот 29 сотталушыға үкім шығарды. Былтыр 3 қазанда үшінші сот аяқталып, 23 сотталушы жазасын естіді.

2022 жылғы 1 мамырда Өзбекстаның Сырдария облысында су қоймасы жарылып, одан аққан су көрші Қазақстанға дейін ағып келді.

Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанның Сырдария облысында 2570 тұрғын үй мен 76 көп қабатты үйді су басты.

Сардоба су қоймасы 2017 жылы тұрғызылған. Құрылыс туралы бастаманы Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев премьер қызметін атқарып тұрған уақытта кқтерген. Су қоймасының құрылысына бюджеттен $404,4 млн бөлінген.

XS
SM
MD
LG