Ссылки доступа

Freedom House Тәжікстанды тағы еркіндігі шектелген елге жатқызды


Халықаралық Freedom House үкіметтік емес ұйымының "Әлемдегі еркіндік — 2023" есебінде Тәжікстан авторитарлы саяси жүйесі бар еркіндігі шектелген ел деп сипатталды. Есепте әлемнің 195 елінінің саяси және азаматтық еркіндігі бағаланған.

Freedom House ұйымының жаңа есебі 9 наурызда жарияланды. Онда әлем елдерінің еркіндігі 17 қатарынан шектеліп келе жатқаны айтылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі 195 елдің 84-і ғана еркін ел деп танылған.

Freedom House сарапшысы Кэтрин Гроттың пікірінше, Орталық Азияда елдердің саяси еркіндігі айтарлықтай қауіпке тап болды.

"Тәжікстан 2022 жылы "еркіндігі шектелген" елдер тобында қалып, 100 ұпайдан бар болғаны 7 ұпай ғана жинады. Мұндай көрсеткіш биліктің азаматтық қоғамға, адам құқықтарын қорғаушылар мен журналистерге шектеу қоюына байланысты төмендеді", - деді Кэтрин Грот 9 наурызда Азаттық радиосына.

Грот Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азиядағы авторитарлы елдердегі адам құқықтары жағдайына әсер етіп отыр деп есептейді. "Бұл аймақта кейінгі он жыл бойы "еркіндігі шектелген" елдер тобынан шыға алмай отырған мемлекеттер орналасқан. Ресейдің авторитарлы саясаты Орталық Азия елдеріне ықпал етіп отыр", деп есептейді Freedom House сарапшысы.

Тәжікстан билігі әзірге Freedom House ұйымының жаңа есебіне қатысты мәлімдеме таратпады.

Республикада кейінгі бірнеше айда жоғары лауазымды тәжік шенеуніктері елдегі адам құқықтарына байланысты мәселелер шешіліп жатыр деп мәлімдеген.

Тәжікстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің баяндамасында биліктің Сириядағы тәжік азаматтарын елге қайтаруы адам құқықтары саласындағы жетістік деп аталған. Алайда бұл баяндамада Таулы Бадахшандағы халық наразылығының күшпен басылуы, тәжік журналистері мен блогерлерінің сотталуы туралы ештеңе айтылмаған.

XS
SM
MD
LG