Ссылки доступа

Қамаудағы өзбек блогері Әбдіқадыр Мүмінов бес бірдей адвокаттан бас тартқан


Өзбек блогері Әбдіқадыр Мүмінов.
Өзбек блогері Әбдіқадыр Мүмінов.

Қамауда отырған блогер Әбдіқадыр Мүмінов отбасы жалдаған бесінші адвокаттан да бас тартты. Заңгерлердің айтуынша, істінен қылмыстық іс қозғалған блогер "өзін адвокатсыз қорғап шыға алатынына сенімді".

Мүмінов адвокаттан өз еркімен бас тартып жатқаны, не оны осылай жасауға мәжбүрлегені әзірге белгісіз. Бұның алдында билік блогерді қамауда азаптады деген мәліметті жоққа шығарған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті сынаған блогер ретінде танылған 33 жастағы Әбдіқадыр Мүмінов биыл 8 ақпанда "алаяқтық жасады", "ақша бопсалады" деген күдікпен ұсталған.

Блогердің анасы Сабохат Абдуллаеваның айтуынша, ұлы осымен бесінші адвокаттан бас тартып отыр. Ана ұлының заңгер қызметінен не себепті бас тартқанын білмейді.

Отбасы жалдаған тағы бір адвокат бір апта бойы Мүміновпен кездесе алмай жүрген, себебі блогерді "Таштүрмеге" ауыстырып жіберген. Блогердің анасы да қамаудағы ұлымен кездесе алмай жүр. Ана ұлының жағдайы қалай екенін білгісі келеді.

"Орталық Азиядағы адам құқықтары" қауымдастығының жетекшісі Надежда Атаеваның пікірінше, Мүмінов ісінде беймәлім жайттардың көптігі оның өмірі үшін алаңдауға негіз бола алады.

"Ұсталған блогер оны қамаған билік әрекетін ақтап отырғанынан-ақ секем алу керек", - деп есептейді Атаева.

Өзбекстан билігі 33 жастағы блогер Әбдіқадыр Мүмінов туралы екі ресми мәлімдеме таратқан. Әуелі Ташкент милициясы блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 21 ақпанда әлеуметтік желілерде блогер Мүмкінов тергеу барысындағы азаптаулардан қайтыс болды деген ақпарат тарады. Артынша Өзбекстан бас прокуратурасы Хаёт Шамсутдинов оны жоққа шығарды. "Әбдіқадыр Мүмінов дін аман", – деп хабарлады Шамсутдинов.

Содан бері билік қамаудағы блогер жайлы ешқандай мәлімет бермеді. Қоғам оның жағдайына алаңдап отыр.

XS
SM
MD
LG