Ссылки доступа

Тәжікстанда банктер табысы артты. Қаржы мекемелері президент туыстарына тиесілі


Тәжікстандағы банктердің табысы бір жылда 11 пайызға артып, 1 млрд сомониге ($91 млн) жеткен. Қаржы мекемелерінің бірқатары президент туыстары мен соларға жақын адамдарға тиесілі.

Ұлттық банк сайтында жарияланған статистика мәліметіне қарағанда, Тәжікстан қаржы нарығындағы жас қаржы мекемесі - "Душанбе Сити Банк" былтыр 150 млн сомони ($13,7 млн.) табыс тапқан. Банк акцияларының 70 пайызы "Авесто Групп" компаниясына тиесілі. Оның директоры Мирзо Мұхаммад Тәжікстан президентінің ұлы, Душанбе әкімі Рустам Эмомалиге жақын адам.

Елдегі ең ірі банктердің бірі "Ориёнбанк" президент балдызы Хасан Асадуллозодаға тиесілі. Президент қызы Зарина Рахмон банк басшысының орынбасары қызметін атқарады. "Ориёнбанк" былтыр 98,4 млн сомони ($9 млн.) таза табыс тапқан.

"Тәжікстан коммерцбанкінің" 2022 жылғы табысы 43 млн сомониден ($4 млн.) асқан. Қаржы мекемесіне "Фароз" компаниясы иелік етеді. Ол тәжік президентінің тағы бір күйеу баласы Шамсулло Сохибовке тиесілі.

2022 жылды шығынмен жапқан жалғыз банк - "Тәжікстан Халық Банкі". Былтыр қаржы мекемесі шамамен 1 млн сомони ($91 мың) шығынға ұшыраған. Бұның алдында бұл банктің акцияларын қазақстандық кәсіпкерден "Тәжікстан Халықаралық банкі" сатып алған.

Тәжікстанда 15 банк бар. Ұлттық банк мәліметінше, елде 20 шағын депозиттік ұйым, үш шағын несие беру ұйымы және 26 шағын несие беру қоры жұмыс істейді. Кейінгі жеті жылда Тәжікстанда төрт ірі банк тақырға отырып қалды.

XS
SM
MD
LG