Ссылки доступа

Шымкентте сайлау басталмай тұрып "дауыс беру хаттамалары" тарап кетті. Жергілікті сайлау комиссиясы ақпаратты терістеді


Шымкентте сайлау өтпей жатып "алдын ала дайындалған сайлау хаттамасы". 2023 жылғы 19 наурыз.
Шымкентте сайлау өтпей жатып "алдын ала дайындалған сайлау хаттамасы". 2023 жылғы 19 наурыз.

Шымкентте "кей сайлау учаскелерінің дауыс беру нәтижелері жазылған хаттамалар" кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы басталмай тұрып тарап кетті. Оның кейбірін Азаттыққа мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер ұсынды.

Ұсынылған хаттамалардың ішінде мәжіліс және мәслихат депутаттары сайланатын учаскелердің нөмірі жазылған. Мысалы, №66 сайлау учаскесінде 2794 сайлаушы бар екені, олардың 1654-і сайлауға қатысқаны, бюллетень саны, оны алған сайлаушылар саны жазылған. Мәслихат депутаттығына үміткер бірнеше адамның тізімі мен оларға берілген дауыс саны көрсетілген. Ондағы кейбір "депутаттардың" тізімі сайлауға түсіп жатқан адамдардың аты-жөніне сәйкес келеді.

Көп ұзамай әлеуметтік желіде осыған ұқсас хаттамалар және мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлердің президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуі тарады.

"Дәл қазір сайлау хаттамалары қолыма түсті. Бұл арандату ма, білмедім. Ертеңгі сайлау қорытындысы шығып қойған тәрізді. Егер бұл рас болса, жедел түрде прокуратура тергеу амалдарын жүргізіп, тергеу амалдары аяқталғанша Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бастаған топтың құқығы шектелуге тиіс. Біз қанды Қаңтар қайталанғанын қаламаймыз. Тоқаев мырза, Конституцияның кепілі ретінде сізден қала әкімдігін уақытша доғарысқа кетіре тұруды талап етемін. Мынау – масқара, бұған жол беруге болмайды" деді мәжіліс депутаттығына өзін өзі ұсынған кандидат Өмір Шыныбекұлы.

19 наурызға қараған түні тараған "дауыс беру хаттамалары" туралы Шымкент қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев түсініктеме берді. Ол әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары түсірілген бейнероликтер шындыққа жанаспайды, онда көрсетілген құжаттар мыжылған, қолтаңба мен мөр қойылмаған деп мәлімдеді.

"Бұл арандатушылық деп есептеймін. Сайлау учаскелеріндегі тиісті хаттамаларға қойылатын мөрлер мен бюллетеньдер әр сайлау учаскесіндегі сейфтерде сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттама тек сайлау қорытындысына сай толтырылады және нәтижесі жасалады. Бұл мәселені тиісті құзырлы органдар тексеріп, құқықтық баға беріледі" деді комиссия төрағасы.

Мәжілісті және мәслихатты кезектен тыс сайлау кезінде Шымкентте 512 сайлау учаскесі жұмыс істейді. 640 мыңға жуық адам дауыс беруге құқылы.

XS
SM
MD
LG