Ссылки доступа

Қырғызстанда бұрынғы вице-премьерді пара алды деген күдікпен ұстады


 Дүйшенбек Зилалиев
Дүйшенбек Зилалиев

Қырғызстанның бұрынғы вице-премьер-министрі Дуйшенбек Зилалиев 2023 жылдың 15 мамырына дейін Бішкектегі тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы оның адвокаты Самат Матцаков хабарлады.

Заңгер шенеуніктің үстінен қозғалған іс "қолдан жасалған" деп есептейді, өйткені күдікті шағым иесін танымайды. Матцаковтың айтуынша, құқық қорғаушылар Зилалиевті шағым иесімен бетпе-бет кездестірмей отыр.

"Шағым иесін менің қорғауымдағы азамат ешқашан көрмеген. Зилалиев пара алмадым деп отыр. Жәбірленуші алты жылдан соң арызданған. Бұған дейін қайда болғаны белгісіз", - дейді адвокат.

Дүйшенбек Зилалиевтің ұсталғаны 16 наурызда мәлім болды. ҰҚМК мәліметінше, 2017 жылы Зилалиев 50 мың долларды Б.Р. есімді азаматтан пайдалы қазбалар кеніне лицензия алып берем деген уәдемен алған. Сол кезде шенеунік өнеркәсіп мемлекеттік комитетін басқарған. Тергеу нұсқасына қарағанда, Зилалиев уәдесінде тұрмаған, ақшаны да қайтармаған.

2018 жылғы қазанда Дүйшенбек Зилалиев "терроризм акті туралы әдейі жалған ақпарат таратты" деген айыппен үш жылға шартты жаза алған. Ол 2017 жылғы 24 қарашада президент Сооронбай Жээнбеков инаугурациясы өтетін күні бомба орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан.

Бұған қоса, 2018 жылдың аяғында бас прокуратура оның үстінен заңсыз байыды деген айыппен іс қозғаған. 2020 жылғы 5 қазанда Бішкек аудандық соты шенеунікті жеті жылға соттаған. Алайда 2021 жылы 1-май аудандық соты істі қайта қарап, былтыр қаңтарда Зилалиев үйқамаққа шыққан.

XS
SM
MD
LG