Ссылки доступа

Халықаралық ұйымдар Беларусьта ұсталған тәжік оппозиционерін қорғады


Низомиддин Насриддинов
Низомиддин Насриддинов

Тоғыз жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар, атап айтқанда, Human Rights Watch, Норвег Хельсинкий комитеті және "Вясна" ("Көктем") орталығы, Беларусь билігін саяси белсенді Низомиддин Насриддиновті Тәжікстанға бермеуге шақырды.

Құқық қорғаушы ұйымдардың 21 наурызда жариялаған үндеуінде Тәжікстанда тыйым салынған "24 топ" қозғалысының белсендісі елге оралған жағдайда азапталуы мүмкін екені айтылған. Бұның алдында Беларусь бас прокуратурасы 21 ақпанда Тәжікстан бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырғаны, Низомиддин Насриддинов еліне экстрадицияланатыны мәлім болған.

Халықаралық ұйымдар Насриддиновке Германияда саяси баспана берілгенін, оны Душанбеге тапсыру - заңсыз екенін ескертіп отыр.

HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсонның айтуынша, Насриддиновті елінде саяси көзқарасы үшін тұтқындап, азаптауы мүмкін. "Беларусь билігі Насриддиновті экстрадициялау туралы шешімді жоюы тиіс. Оны тез арада босатып, Германияға қайтару керек", - деген Хью Уильямсон.

35 жастағы Низомиддин Насриддинов 8 қаңтарда литва-беларусь шекарасынан өтіп бара жатқан уақытта Тәжікстан билігінің сұрауымен ұсталды. Содан бері ол Гродно қаласындағы тергеу изоляторында отыр.

Низомиддин Насриддинов 2015 жылғы қазаннан бері Германияда тұрады. ГФР билігі оған және оның отбасына саяси баспана берген. 2017 жылы Насриддинов ЕҚЫҰ-ның Варшадағы жиынында Тәжікстанда тыйым салынған "24 топ" қозғалысы атынан сөйлеген.

XS
SM
MD
LG