Ссылки доступа

Түркіменстанда "Жарапазан" дәстүрі қайыр тілеудің бір түріне айналып барады


Рамазан айы қарсаңында "Жарапазан" әнін айтып жүрген түркімен балалары.
Рамазан айы қарсаңында "Жарапазан" әнін айтып жүрген түркімен балалары.

Рамазан айы қарсаңында Түркіменстандағы Балқан уәлаяты Түркіменбашы қаласында балалардың үйді-үйді аралап, "Жарапазан" әнін айтып жүргенін жиі байқауға болады.

Мұсылмандардың қасиетті айы басталғанын білдіретін діни дәстүр кейінгі жылдары қайыр тілеудің бір әдісіне айналып барады.

"Биыл балалар бұрынғыдай "Жарапазанды" кешке қарай айтпайтын болған. Енді "Кенар" базары, сауда орталықтары, темір жол вокзалы және қонақ үйлер маңында "Жарапазан" айтып тұрған балаларды жиі көруге болады. Көшелерде ондаған бала адамдарға ән салып беріп, ақша сұрайтын болған", - деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі.

Бір топ бала май құю бекеттерінің маңында да жүр. Автокөлік бекетке кірген сәтте олар "Жарапазан" айта бастайды.

Түркімен дәстүрі бойынша, Рамазан айына үш күн қалғанда балалар көрші үйлерді аралап, "Жарапазан" әнін айтып, мұсылмандардың қасиетті айы жақындағанын хабарлайды. Көршілер балаларға тәтті таратады, кейде ақша ұстатады.

"Көбірек ақша табу үшін биыл балалар қайыр тілеуді 18 наурызда, Рамазан айына бес күн қалғанда бастады", - дейді Түркіменбашыдағы тілші.

Түркіменстандағы экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, азық-түлік тапшылығы, бағаның өсуі халық тұрмысының күрт төмендеуіне алып келді. Елдегі дағдарысқа жеті жыл болды. Түркіменстан тұрғындары, әсіресе балалар қайыр тілеумен, қоқыс қопарып, тамақ пен киім іздеумен айналыса бастады.

Билік әлеуметтік-экономикалық дағдарысты, оның тұрмысқа қатты әсер еткенін мойындамай отыр. Оның орнына қайыр тілеген, қоқыс жағалағандарға қарсы шара қолданумен әлек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай адамдарды ұстап, жиі жазалайды.

Билік шарасына қарамастан, түркімен қалалары мен ауылдарда көшеде қайыр тілейтіндер күннен күнге көбейіп барады.

XS
SM
MD
LG