Олардың айтуынша, 2021 жылғы тамызда билікті басып алған тәліптер Ауғанстан аумағында Наурыз мерекесін тойлауға ресми түрде тыйым салған. Ауған азаматтары мұндай тыйымға риза емес.
Салеха Шерзай Наурыз мерекесінде өз қолымен тіккен бұйымдарын: көйлектер, тақиялар, сөмкелер алып келді. Ол Ауғанстан туын да қолмен тіккен.
Салеха Наурыз мерекесін осымен екінші жыл қатарынан Тәжікстанда атап өтіп жатыр. Ол осы мерекені елінде қалай тойлағанын сағынышпен еске алады.
"Тәліптер Ауғанстанда билікті басып алардан бұрын біз Наурызды үлкен ықыласпен тойлайтынбыз. Шыбық отырғызу, Диқан күнін атап өтетінбіз. Мерекені бізден тартып алды, "Талибан" рұқсат бермейді. Кім де кім осы мерекені тойлайтын болса, заңмен жауапқа тартылады деп ескерткен", - дейді ауған босқыны.
"Талибан" қозғалысы Наурыз мерекесін тойлауға ресми түрде тыйым салған. Діни қағидалармен әрекет ететін тәліптер үкіметі "Наурыз мұсылмандардың мерекесі емес. Біз оны атап өтпейміз, шариғат ережелеріне сай емес" деп талай мәрте мәлімдеген.
Ауғанстан елшілігіндегі Наурыз мерекесіне келгендердің дені - әйелдер мен қыздар. Тәліптер Ауғанстанда қыздарға білім алуға тыйым салған. Тәжікстанда "Сомониён" ауған мектебінде оқитын олар елшілікте ұлттық ас пісірді.
Тәжікстанда 10 мыңға жуық ауған босқыны бар. Олардың дені Тәжікстанда үшінші бір елге көшу үшін уақытша тұрады. Елде жұмыс жоқ, сол себепті ауған босқындары Канадаға немесе Еуропадағы бір елге кетуді армандайды.