Заңгердің айтуынша, Жекшенәлиев үйқамақта 2023 жылдың 25 мамырына дейін отырады. Тараптардың соттағы сөз жарысы 3 сәуірде өтеді.
"Сот айыптаушы жақтың өтінішімен Ырыс Жекшенәлиевті үйқамақта ұстау мерзімін созды. Біз куәгерлердің бәрінен жауап алдық. Кеше сарапшылар сөйледі. Олар саяси және лингвистикалық сараптама қорытындысын шығарған. Онда біз келіспейтін тұстары бар. Сот істі әділ қараған жағдайда оны ақтап шығуы тиіс", - дейді Сыдықов.
Былтыр тамыздың ортасында фейсбуктегі "Саяси тұтқын" парағының әкімшісі Ырыс Жекшенәлиевті Қырғызстан ІІМ тергеу қызметіне шақыртып, одан соң екі тәулікке тергеу изоляторына қамап қойды. Бұның алдында "Саяси тұтқын" парағында Қырғызстан ҰҚМК бұрынғы басшысы Әбділ Сегізбаевтың "Жетім-Тоо кенішіне қатысты бейнеүндеуі жарияланған.
Жекшенәлиевтің үстінен "билік өкілінің заңды талабын бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке үндеді" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. 2022 жылғы тамызда оны Бішкектегі тергеу изоляторына отырғызды.
Кейін, қазан айында Бішкек қалалық соты Жекшенәлиевті үйқамаққа шығару туралы шешім қабылдады.