Ссылки доступа

Тәліптер Әмудариядан канал тартса, аймақта "су соғысы" басталуы мүмкін


Әмудария
Әмудария

"Талибан" қозғалысының Ауғанстанда ірі канал салу жобасы жүзеге асса, оның зардабын Орталық Азия елдері, соның ішінде Түркіменстан мен Өзбекстан тартады.

"Талибан" басқаратын Ауғанстан үкіметі 2022 жылғы 31 наурызда Орталық Азия елдерімен шектесіп жатқан Балх провинциясында Көштепе каналының құрылысы басталғанын жариялады.

Әмудария өзенінен тартылатын канал Жаузжан және Фарьяб провинциялары арқылы да өтеді. Бұл провинциялар Түркіменстанмен шектесіп жатыр. Жобаға сәйкес, ірі канал 285 шақырымға созылады. Оның ені 100 метр, тереңдігі 8 метр болады. Тәліптер үкіметі канал құрылысын бес жылда аяқтауды, ал жыл аяғына дейін 100 шақырымын тартуды көздеп отыр.

Канал құрылысы аяқталған уақытта Әмудария өзеніндегі судың үштен бірі Ауғанстанның солтүстік өңірлеріне қарай бұрылуы мүмкін. Соның салдарынан Орталық Азия елдері, әсіресе Түркіменстан мен Өзбекстан сусыз қалуы мүмкін.

Әмудария бассейніндегі суды бөлу тәртібі 1987 жылы қабылданған Ташкент келісімімен реттеледі. Құжат Орталық Азиядағы бес елдің су пайдалану тәртібін реттейді. Енді Ауғанстан да Әмудариядан су алғысы келіп отыр, бірақ ол Ташкент келісіміне қол қоймаған.

Әмудария Гиндукуш тауларынан бастау алады. Түркіменстандағы ауыл шаруашылығы осы өзеннен су алып отыр. Елдің шығыс өңірлеріндегі тұрғындардың айтуынша, кезінде буырқанып аққан өзеннің ағысы баяулаған, суы азайған.

Жергілікті мамандардың пікірінше, Ауғанстанда канал салынса, Лебап уәлаяты ғана емес, бүкіл ел сусыз қалуы мүмкін.

БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымы 2021 жылы Түркіменстанда су ресурсын пайдалану қауіпті шекке жеткенін ескерткен. Көрші Өзбекстан Көштепе каналынан қатты зардап шегуі мүмкін екенін көптен бері талқылап келеді, бірақ түркімен жағы әзірге үнсіз отыр.

Биыл 22 наурызда Өзбекстан сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде "Талибан" қозғалысының өкілдері "Өзбекстан келісімімен" Көштепе каналын салуға дайын екенін мәлімдеген.

Ресми Ташкент канал құрылысы халықаралық құқық талаптарына сай жүзеге асуы тиіс екенін ескерткен, дей тұрғанмен құрылысқа көмектескісі келетінін айтқан.

Мамандар Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану мәселесіне алаңдап отыр. Олар су мәселесі "су соғысына" ұласа ма деп қорқады.

XS
SM
MD
LG