Ссылки доступа

Тәжікстанда ақтау үкімін шығарған судья тоғыз жылға сотталуы мүмкін


Рустам Сайдахмадзода.
Рустам Сайдахмадзода.

Тәжікстанда мемлекеттік айыптаушы Соғды облысы Бобожон Ғафуров аудандық сотының судьясы Рустам Сайдахмадзоданы тоғыз жылға соттауын сұрады. Судья үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот былтыр қарашада басталған.

Рустам Сайдахмадзода "қылмыс туралы қасақана жалған мәлімет беру", "заңсыз сот үкімін шығару", "қызметін асыра пайдалану" және "алаяқтық" баптары негізінде бірнеше айып тағылған. Бұрынғы судья мен оның жақындары айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерінің хабарлауынша, Рустам Сайдахмадзоданы Тәжікстан президенті Эмомәли Рахмонға хат жазғаннан кейін "жалған ақпарат таратты" деп айыптай бастаған.

"Сайдахмадзода хатта Бобожон Ғафуров аудандық соты төрағасының жерді заңсыз бөлуге қатысты қозғалған қылмыстық істерді судьяларға бөліп беру ісіне шағымданған. Судья осындай тоғыз ғана іс алғанын, ал оның әріптестеріне 50-60 іс тапсырылғанын айтып, осы мәселені зерттейтін комиссия құруын сұраған. Алайда оның өзін жалған мәлімет таратты деп айыптады", - дейді дереккөздердің бірі.

Дереккөздер мәліметінше, Рустам Сайдахмадзода шығарған үкімдердің күшін одан жоғары тұрған сот органдары жойған. Бір жылда ғана Соғды облысының соты Рустам Сайдахмадзода шығарған 11 үкімді жойған, деп хабарлады Озоди радиосының екі дереккөзі.

Бұрынғы судьяның адвокаттары сот үкімін жоғары тұрған инстанцияның жойғанын судья қылмысына жатқызуға болмайды деп отыр.

Сот аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы экс-судьяны тоғыз жылға соттауды сұрады.

44 жастағы Рустам Сайдахмадзода былтыр 29 маусымда Душанбеде ұсталды. Бір аптадан соң президент Эмомәли Рахмон оны судья қызметінен босату туралы жарлық шығарды.

Рустам Сайдахмадзода даулы іске қатысты ақтау үкімін шығарып, айыпталушыны сот залында босатқаннан кейін жұрт назарына іліккен. Тәжікстанда судьялар ақтау үкімін өте сирек шығарады. Тәжік судьялары қылмыстық істерді қараған уақытта көбіне айыптаушыны қолдайды.

2020 жылы Тәжікстандағы судьялар 10, ал 2021 жылы бар болғаны екі ақтау үкімін шығарған.

XS
SM
MD
LG