Ссылки доступа

Түркіменстанда бюджет қызметкерлерін жібек құртын баптауға мәжбүрледі


Тұт жібек құрты
Тұт жібек құрты

Түркіменстанда жібекқұрт баптау маусымы басталды. Елдің бірқатар аймағында жібек өндірушілер құрт пілләларын бюджет қызметкерлеріне бөліп беріп жатыр.

Шаруалардың кейбірі жібек өндірісінің тиімсіз екенін айтып, онымен шұғылданудан бас тартқан. Билік жібек құрты пілләларын баптауды бюджет қызметкерлеріне жүктеген.

Түркіменстанның оңтүстік-шығысындағы өңірлерде жергілікті билік талабымен бюджет қызметкерлеріне 2 грамм пілләдан таратылған. Талапты орындаудан бас тартқандар пілләнің әрбір граммы үшін 150 манаттан (43 доллар) өткізуі тиіс. Шағымданғанды жұмыстан шығарамыз деп қорқытады. Соған байланысты бюджет қызметкерлері билік талабын орындауға мәжбүр.

"Шарулар жібек құрты пілләсін баптаудан бас тартып жатыр. Мемлекет мұндай жұмысқа тиын төлейді. Пілләнің бір келісі 25 манат тұрады, яғни оның құны бір келі пиязбен тең", - дейді ауыл шаруашылығы маманы.

Мары уәлаятында түрмеден шыққандарды жібек құрттарын баптауға жеккен. Жұмысты мәжбүрлеп орындатуды жергілікті старосталар мен милиция қызметкерлері қадағалайды.

Биыл Түркіменстан 2 мың 300 тонна жібек құрты пілләсін өндіруді жоспарлаған. Былтыр түркімен үкіметі жібек өндіру жоспары орындалғанын мәлімдеген.

Халықаралық ұйымдар Түркіменстан үкіметін тұрғындарды ауыл шаруашылығында, соның ішінде мақта мен жібек өндірісінде жұмыс істеуге мәжбүрледі деп сынайды.

XS
SM
MD
LG