Ссылки доступа

Тәліптер ауған әйелдеріне БҰҰ миссиясында жұмыс істеуге тыйым салды


6 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Талибан" үкіметінің ауған әйелдеріне ұйым миссиясында жұмыс істеуге тыйым салуы мәселесін жабық жиналыста талқылайды.

БҰҰ-ның хабарлауынша, "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйелдерге аталған ұйымның миссиясы құрамында жұмыс істемеуін ресми түрде талап еткен. БҰҰ мұндай талаптан бас тартуға үндеген.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясы басшысының орынбасары, гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Рамиз Алакбаровтың "Франс-Пресс" агенттігіне мәлімдеуінше, мұндай тыйым ұйым жарғысына қайшы келеді. Оның айтуынша, бір де бір орган БҰҰ-ға кімді жұмысқа алып, кімді жұмыстан шығаруға нұсқау бере алмайды.

Алакбаров тәліптер талабы БҰҰ-ның көмекке зәру азаматтарға гуманитарлық заттар жеткізуіне кедергі келтіруі мүмкін деп есептейді. Өйткені Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс уақыт өткен сайын тереңдеп барады.

БҰҰ бас хатшысының орынбасары Әмина Мохаммед "Талибан" әрекетін "ислам құндылықтарына жасалған соққы" деп сипаттаған. Оның айтуынша, БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясында жұмыс істейтін ауған әйелдердің жалақысы тоқтамайды. Ұйымның Ауғанстандағы 4 мың қызметкерінің 3,3 мыңы жергілікті азаматтар. Миссия құрамында 400-ге жуық ауған әйелі бар.

2021 жылғы желтоқсаннан бастап 2023 жылғы қаңтарға дейінгі аралықта БҰҰ ауған азаматтарына 1 млрд доллардан астам гуманитарлық көмек көрсеткен.

XS
SM
MD
LG