Ссылки доступа

Түркімен билігі Әмударияда 122 жыл бұрын салынған тарихи көпірді бұзады


Ресей империясы кезінде Әмудария өзені арқылы салынған көне көпір.
Ресей империясы кезінде Әмудария өзені арқылы салынған көне көпір.

Метал импорты мәселесін шеше алмаған түркімен билігі Әмудария өзені арқылы өтетін тарихи темір көпірді бұзу туралы шешім қабылдаған. Дереккөздердің хабарлауынша, ұзындығы 1200 метрлік көпірден алынған ондаған мың тонна металл жергілікті нарықта саудалануы мүмкін.

Түркіменстанның Лебап уәлаятында 1898-1901 жылдар аралығында Әмудария өзенінде салынған темір көпір бұзылады. Патшалық Ресей үкіметі көне көпірді Түркіменстанның қазіргі аумағын өзіне қосып алғаннан кейін салған.

Азаттықтың Түркімен қызметі дереккөзінің хабарлауынша, тарихи көпірді бұзу туралы шешім биыл "вице-премьер деңгейінде" қабылданған. Көпір 2014 жылы қолданыстан шығып қалған.

2017 жылы Лебап уәлаятында Әмудария өзенінде жаңа Түркіменабад – Фарап темір жол көпірі пайдалануға берілді. Оны "Альтком" украин компаниясы салды. Ірі нысанның ашылу салтанатына Түркіменстанның сол кездегі президенті Гурбанғұлы Бердымұхамедов пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қатысқан.

Оның алдында, 2009 жылы Әмудария арқылы Креки – Керкичи автокөлік көпірі, ал 2013 жылы Креки – Керкичи темір жол көпірі салынған.

Қазір Түркіменстанның құрылыс нарығында темір өнімдер тапшылығы анық байқалады.

Дереккөздің айтуынша, кейінгі жылдары жергілікті кәсіпкерлер темір өнімдері импортындағы қиыншылықтарға байланысты ескі нысандарды бұзып, сондағы темірді қайта өңдеуге көшкен.

XIX ғасырдың аяғында патшалық Ресей әскері Орталық Азияны басып алған соң қазіргі Түркіменстан аумағында Әмудария өзені арқылы темір көпір салынған. Оның құрылысына 3 мыңнан астам адам қатысқан. Сол кезде ол патшалық Ресей аумағындағы ең ұзын, ал әлемдегі үшінші ұзын көпір болған. Совет одағы 1979 жылы Ауғанстанға басып кірген уақытта ауыр әскери техника осы көпір арқылы өткізілген.

Дереккөздердің хабарлауынша, көне көпірді бұзуға дайындық аяқталып қалды. Лебап уәлаятына ірі нысанды бұзатын арнайы ауыр техника жеткізіле бастады.

XS
SM
MD
LG