Ссылки доступа

Құқық қорғаушы тәжік билігінің өкілдеріне қарсы санкция қолдануды ұсынды


Мариус Фоссум
Мариус Фоссум

Норвег Хельсинки комитетінің өкілі Мариус Фоссум Тәжікстан билігінің "заң үстемдігі мен әділдік қағидаларына кедергі келтіріп отырған" өкілдеріне қарсы санкция салуды ұсынды.

Мариус Фоссум өткен аптада твиттерде тәжік шенеуніктерін "заң үстемдігі мен әділдік қағидаларын мазақ етті" деп айыптаған.

Бұның алдында БАҚ қамаудағы тәжік журналисі Хуршед Фозилов ісінің жай-жапсары жарияланған. Билік оны елде тыйым салынған ұйыммен байланыс орнатты деп айыптап отыр. Оның кінәсі сотта дәлелденсе, онда журналист 5 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін.

"Тәжікстан билігі тәуелсіз журналист Хуршед Фозиловты оның заңды журналистік қызметі үшін қудалап, осы әрекеті арқалы елдегі сөз еркіндігінің азғантай бөлігін "құртып" жатыр", - деп мәлімдеді Мариус Фоссум.

2017 жылы 23 үкіметтік емес ұйым, оның ішінде Freedom House, Human Rights Watch, Freedom Now, Transparency International және басқалары, АҚШ мемлекеттік департаменті мен АҚШ қаржы министрлігінен әлемде адам құқықтарын бұзған, жемқор шенеуніктер мен кәсіпкерлерге "Магнитский актісі" негізінде санкция салуды ұсынған.

Тәжікстаннан бұл тізімге тәжік арнайы қызметінің төрағасы Саймүмін Ятимов қосылған. Алайда шенеунікке қарсы санкция салынбаған.

ҰҚМК қызметкерлері Хуршед Фозиловты 6 наурызда Пенжикент қаласында ұстады. Журналист қазір Худжандтағы тергеу изоляторында отыр.

Оның адоваты Дилафруз Самадованың айтуынша, Фозилов тыйым салынған ұйыммен байланысы бар дейтін айыпты жоққа шығарып, прокуратураға арыз түсірген.

Былтыр Тәжікстанда жеті журналист пен блогер 7 жылдан 21 жылға дейінгі аралықтағы түрлі жазамен сотталды.

XS
SM
MD
LG