Ссылки доступа

"ПолитКлиника" ісі: қырғыз үкіметінің өкілдері сотқа шақыртылды


Бішкектің 1-май аудындық cотында 18 сәуірде ЭлТР мемлекеттік телеарнасының "ПолитКлиника" тәуелсіз басылымына шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Жәмила Ақылбекова сот процесін сурет пен видеоға түсіруге рұқсат берді. ЭлТР телеарнасының заңгері Әзізбек Ибрагимов қаржы министрлігі мен энергетика министрлігінің өкілдерін сотқа шақыру жөнінде өтініш берді.

"ПолитКлиника" адвокаттары шағымданушылардан жарияланған материалдың нақты қай тұсы жалған екенін анықтағысы келген. Судья адвокаттар өтінішін қанағаттандырды. Сот отырысы 17 мамырға белгіленді.

ЭлТР мемлекеттік телеарнасы "ПолитКлиника" басылымын сотқа бергені 20 ақпанда мәлім болды. Бұның алдында, 4 ақпанда, жекеменшік ақпарат құралы видеоматриал дайындаған. Онда "ЭлТР телеарнасының Садыр Жапаров энергетика саласы үшін несие алмады деген мәліметі - жалған" делінген.

ЭлТР жауап берушіден 10 млн сом өндіріп алуды көздеп отыр.

Президент әкімшілігі ақпарат саясаты қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков те фейсбуктегі парағында "ПолитКлиника" сайтының журналистерін "жалған мәлімет" жариялады деп айыптаған.

"ПолитКлиника" сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Ділбар Әлімова Азаттыққа сұқбатында басылым тексерілген ақпаратты ғана жариялайды деп мәлімдеген.

"ПолитКлиника" - тәуелсіз басылым. Мұнда жаңалықтар, репортаждар, зерттеулер және фактчекинг материалдары жарияланады.

XS
SM
MD
LG