Ссылки доступа

Тәжікстан БҰҰ-ға аз ұлттардың құқықтары қалай сақталғаны туралы есеп береді


20 сәуірде БҰҰ комитеті Тәжікстан үкіметінің аз ұлттар мен этникалық топтардың құқықтарын сақтау шаралары туралы баяндамасын қарайды.

БҰҰ-ның нәсілдік алалауды жою жөніндегі комитетінің кезекті сессиясы 11 сәуірде Женевада ашылды. Сессия 20-21 сәуір аралығында Тәжікстан баяндамасы қарайды деп жоспарланған.

Тәжікстан үкіметінің есебінде кейінгі бірнеше жылда нәсілдік алалауға байланысты бір де бір қылмыстық іс тіркелмегені, аз ұлттар мен этникалық топтардың құқықтары сақталғаны айтылған. Биліктің 2020 жылға дейінгі жағдайды қамтитын баяндамасында өзбек және қырғыз мектептері үшін жаңа оқулықтар басылғаны, оларды арнайы жұмыс тобы аударғаны сөз болған. Есепте елдің әрбір азаматы туған тілін пайдалануға құқылы екені жазылған.

Алайда тәжік үкіметінің 14 беттік баяндамасында памирліктер - Таулы Бадахшан автономиялы облысының тұрғындары туралы ештеңе айтылмаған. Памирліктер памир тілінде сөйлейді, исламның исмаилизм ағымын ұстанады. Памир халықтарының өкілдері мемлекеттік басқаруға кірмейді, памир тілі мектеп бағдарламасында аз ұлттар тілі қатарына жатпайды. Есепте яғнобтар - Яғноб алқабының тұрғындары туралы да ештеңе айтылмаған. Олар соғды тілінде сөйлейді.

Мемлекетке жолданған хабарда БҰҰ өкілдері сессия барысында Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жайдайды сөз ететінін ескерткен. Бұл өңірде былтырғы баскөтерулерде ондаған адам қаза болған.

Сессияға келетін тәжік делегацисынан люлилер - Орталық Азиядағы сығандар жағдайы туралы есебі де сұралады. Тәжікстанда этникалық топтың кем дегенде 15 мың өкілі тұрады. Республикада олардың құқықтары жиі бұзылады. Люлилердің көбінің құжаты жоқ, тұрғын үйлері тіркелмеген. Сол себепті олар медициналық көмек пен мемлекеттік қызметтер ала алмайды.

Ресейдегі "Мемориал" орталығының өкілдері БҰҰ комитеті үшін дайындаған баяндамада Тәжікстан үкіметінің люлилердің жағдайын жақсарту мақсатында қабылдаған шаралары жеткіліксіз екені айтылған. Ұйым баяндамасында тәжік үкіметі люли балаларын оқытуға ешқандай шара қолданбай отырғаны, қоғам оларды әлі күнге дейін алалайтыны жазылған.

"Мемориал" баяндамасында памирліктер жағдайына да ерекше мән берілген. "Памирліктер заң жүзінде ұсақ этникалық топ ретінде мойындалмаған, шын мәнінде оларды тәжік еместер деп алайды", деп жазған баяндама авторлары. Есепте 200 мыңнан асатын бадахшандықтар мемлекеттік органдар мен мемлекеттік басқаруға өте аз тартылғаны айтылған.

Үкіметтік емес ұйым есебінде биліктің памирліктерді - Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысы тұрғындарын 2021-2022 жылдары қалай қудалағаны баяндалған. Есепте Бадахшандағы бейбіт наразылықтарға қатысқан 34 адам қаза болғаны, 200-ден аса адам ұзақ жылдарға сотталғаны, жүздеген адам шетелден баспана іздеуге мәжбүр болғаны айтылған.

"Мемориал" БҰҰ комитетінен Таулы Бадахшандағы памирліктердің жағдайын зерттеу жөнінде комиссия құруды сұраған.

XS
SM
MD
LG