Ссылки доступа

Жоғарғы сот совет заманында қудаланған 208 өзбекстандықты ақтады


Өзбекстан Жоғарғы соты КСРО кезінде қудалауға ұшыраған 208 өзбекстандықты ақтап шықты. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, бас прокурордың орынбасары Жоғарғы сот алқасынан апелляциялық шағым түсіру мерзімін созуды, сонымен бірге апелляциялық шағым түсіруге рұқсат сұраған.

Қылмыстық істер ашық сотта Жоғарғы сот төрағасының орынбасары Икрам Мүслімов төрағалығымен қаралды. Жоғарғы сот алқасы үш қылмыстық істегі 208 адамды ақтап шықты.

Ақталғандар тізіміне республиканың Ферғана, Қашқадария және Самарқанд облыстарында туған, сол өңірлерде жұмыс істеген адамдар кірді.

Еске салайық, 2022 жылғы желтоқсанда Өзбекстан Жоғарғы соты совет заманында қудаланған 173 өзбекстандықты ақтаған.

2021 жылғы 31 тамызда президент Шавкат Мирзияев өзбек халқының үздік өкілдері совет билігі қуған-сүргінінің құрбаны болды деп мәлімдеген.

Ресми мәлімет бойынша, 1937-1953 жылдары ел еркіндігі үшін күрескен 100 мыңнан аса өзбек қуғын-сүргін көрген. 13 мың адам атылып, зиялы қауымның мыңдаған өкілі айдауға жіберілген.

XS
SM
MD
LG