Ссылки доступа

Былтыр Иранда өлім жазасына кесілген 582 адам өлтірілген


2022 жылы Иранда өлім жазасына кесілген 582 адам өлтірілген. Ал 2023 жылғы үш жарым айда ғана 151 ең ауыр жаза орындалған.

Бұл туралы Iran Human Rights пен Together Against the Death Penalty ұйымдарының бірлескен есебінде хабарланды.

Құжат авторларының жазуынша, ең ауыр жазамен өлтірілген 511 адамның үкімі көпшілікке хабарланбаған, Иран билігі 71 адамға өлім жазасы шығарылғанын ғана жариялаған. Адам құқықтарын қорғаушылар ең ауыр жазаға кесілгендер арасында кем дегенде 16 әйел мен үш кәмелет жасқа толмаған азамат болғанын айтып отыр.

Кем дегенде 288 жаза (барлық өлім жазасының 49 пайызы) кісі өлтіру қылмысына байланысты, кем дегенде 256 жаза (44 пайыз) есірткі саудасына қатысты қылмыстық іс аясында шығарылған. Есірткіге қатысты үкімдердің үшеуі ғана ресми түрде хабарланған.

Есеп авторлары 15 адам "Құдайға қарсы соғыс жүргізу" айыбымен өлім жазасына кесілгенін анықтады. Осы айыппен Ирандағы наразылыққа қатысқан екі адам және бір күрд саяси тұтқыны өлтірілген.

Иранда өлім жазасы көбейіп кеткенін аңғарған құқық қорғаушылар билік ең ауыр жазаны халықты қорқынышта ұстау арқылы жүйені ұстап қалу үшін пайдаланып отыр деп есептейді.

Есеп авторлары 2023 жылғы үш жарым айда ғана Иранда ең ауыр жазаға кесілген 151 адамды өлтіргенін айтып отыр.

Иранда жаппай наразылық 2022 жылғы қыркүйектің ортасында басталды. Баскөтерулерге хиджабты "дұрыс кимегені" үшін ұсталған 22 жастағы Махса Әминидің қазасы түрткі болды. Наразылық акциясына шыққандар бойжеткеннің өліміне полицияны айыптады. Екі айдағы наразылық кезінде 300-ден аса адам қаза болып, 15 мыңға жуық адам ұсталды. Әминидің қазасы туралы жазған журналистер Нилуфар Хамеди мен Элаэ Мохаммади өлім жазасына кесілуі мүмкін екені мәлім болды. Иран билігі оларды мемлекетті сатты, АҚШ арнайы қызметіне жұмыс істеді деп айыптады. Жүйе елдегі наразылықтар туралы мәліметтің шетелге таралуына тосқауыл қоюға тырысты. Иранда 40-тан аса журналист ұсталды, бостандықтағы тілшілер артына тыңшы түскенін, телефондары тыңдалатынын айтты.

XS
SM
MD
LG