Ссылки доступа

Тәжікстанда жасөспірім әпкесін пышақтаған жездесін өлтірді


Тәжікстанның Хатлон облысы Балчувон аудандық прокуратурасы жездесін өлтірді деген күдікпен ұсталған жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғады.

17 жастағы жасөспірім бұрынғы әйелін бауыздап өлтірген жездесіне шабылдаған.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға 6 сәуірде Сайф Рахимзода Афарди атындағы жамоатта болған.

Құқық қорғау мекемесінің мәліметінше, 39 жастағы Абдулфайз Хожаев бұрынғы әйелінің төркініне татуласу үшін келген. Әйелін көндіре алмаған Хожаев оны бірнеше мәрте пышақтаған.

ІІМ әзірлеген телесюжетте марқұмның 17 жастағы інісі болған оқиғаны баяндайды. Жасөспірімнің айтуынша, ол қансырап жатқан әпкесін көрген уақытта шыдай алмай жездесінің қолындағы пышақты тартып алып, оған бірнеше мәрте пышақ сұққан.

Абдулфайз Хожаев пен оның бұрынғы әйелі ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырған.

Жасөспірімнің үстінен кісі өлтіру қылмысы негізінде іс қозғалды.

Ұсталған күдікті мен марқұм Хожаевтың туыстарының пікірін білу мүмкін болмады.

Тәжікстанда күйеулердің әйелін өлтіру қылмысы жылда тіркеліп жатады. Қылмыстардың көбіне отбасындағы жанжал себеп болады.

XS
SM
MD
LG