Ссылки доступа

Сот ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы бастығын алты жылға бостандығынан айырды


Алматы қаласы Алмалы аудандық соты ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы бастығын билігін асыра пайдаланды деп таныған. Жергілікті БАҚ-тар сөз - 2022 жылдың 13 қаңтарына дейін ҰҚК Алматы қалалық департаментінің бастығы болған Нұрлан Мажилов туралы деп хабарлады.

Алматы сотының Facebook парақшасында "сот үкімімен М. Қылмыстық кодекстің 362-бөлімінің 4-бабымен 6 жылға соттталды, жергілікті өз-өзін басқару, мемлекеттік қызмет, қаржы ұйымдарындағы басшы қызметтер атқару құқығынан 10 жылға айырылды, ҰҚК генерал-майоры әскері шені алынды" деп жазылған.

Үкім әзірге күшіне енбеген.

ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мажиловтың тергеу алынғанын былтыр, 2022 жылы ақпанда прокуратура хабарлаған, бірақ егжей-тегжейін айтпаған.

7 сәуірде Талдықорған соты осыған ұқсас айыппен ҰҚК Алматы облыстық департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиевті алты жылға бостандығынан айырған. Тергеу нұсқасына қарағанда ол "қарамағындағы қызметкерлерге қызмет құжаттары мен құпия құжаттарды жойып, департамент ғимаратын тастап кетуге" бұйрық берген. Оның ісі жабық сотта өткен.

Ресми мәлімет бойынша 238 адам өлген Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі күш құрылымдарында өзгеріс жасаған. Арнаулы қызметтегі кей өзгерістер елдегі дүрбелеңнен кейін ҰҚК-ге сенбеушіліктен туған дейтін болжам айтылған. "Қызмет барысындағы әрекетсіздігі" үшін бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға түрмеге кесілген. Кеше Астана соты ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті 18 жылға, үш орынбасарын 3 жылдан 16 жылға дейін бостандығынан айырған.

XS
SM
MD
LG