Мәліметке қарағанда, әскери парадқа қатысу Жапаров сапарының хаттамасына енген. Дереккөздің айтуынша, қырғыз президенті Мәскеуге 7 мамырда барып, Бішкекке 10 мамырда оралады.
Ресми тұлғалар Қырғызстан президентінің Мәскеуге сапары туралы ештеңе айтпай отыр.
Ресейдегі "Ведомости" басылымы 23 сәуірде Садыр Жапаров әскери парадқа келетін жалғыз шетел басшысы екенін дереккөздерге сүйене отырып хабарлаған. Басылым мәліметінше, Садыр Жапаров Мәскеуге Ресей вице-премьері Алексей Оверчуктың шақыртуымен келеді.
"Ведомостидің" тағы бір материалында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Димитрий Песковтың қырғыз президенті "жеңіс паратына қалуға шешім қабылдады" деген жауабы жарияланды.
2022 жылғы 9 мамырда Мәскеуде өткен әскери парадқа шетел басшыларынан ешкім барған жоқ. Сол кезде Дмитрий Песков Кремль ешкімді шақырмады деп мәлімдеген.
Садыр Жапаров Мәскеуге соңғы рет 2022 жылғы мамырда барған. 13 мамырда ол Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына мүше елдер басшыларының отырысына қатысқан.