Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұсталған белсенділердің бірі Әли Шабданның әйелі Нұрайым Сыдығәлиева хабарлады.
Оның айтуынша, іске Әлі Шабданның фейсбукте бұрын жариялаған бірнеше жазбасы қосылған. Әлеуметтік желідегі жазбаларында белсенді Қырғызстанда ойынхана ашуға қарсы шыққан және блогер Ырыс Жекшенәлиевті босатуды талап еткен.
Жаңа айып тағылғаны туралы мәліметті істегі тағы бір күдікті Раушан Жеенбековтің адвокаты Разак Әшімбаев растады. Заңгердің айтуынша, оның қорғауындағы азаматқа да билікті басып алу айыбы тағылған.
"Білуімше, барлығына айып тағылып жатыр. Бізге осындай айып бар екенін ресми түрде хабарлады, бірақ іспен танысуға мүмкіндік берген жоқ. Олар ұсталғандардың әлеуметтік желілердегі парақтарының бәріне сараптама жүргізіп, солардың негізінде айып тағып жатыр", - дейді адвокат.
Заңға сәйкес "билікті күшпен басып алды" деп танылғандар 10 жылдан 15 жылға дейін сотталып, мүлкі тәркіленеді. Ал билікті күшпен басып алуға үндегендер 3 жылдан бес жылға дейін сотталуы мүмкін, оларға да 50 мыңнан 100 мың сомға дейін айыппұл салынады.
2022 жылғы қазанда Қырғызстанда 20-дан аса саясаткер мен белсенді жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды деген күдікпен ұсталған. Қамауға түскендер қылмыстық істің саяси астары барына сенімді, өйткені олар Кемпірабад су қоймасының жерлерін Өзбекстанға беруге қарсы шығып, оны қорғау жөнінде комитет құрған.
"Кемпірабад ісіндегі" тоғыз күдікті үйқамақта, қалғандары тергеу абақтысында отыр.