Ссылки доступа

ОСК: Өзбекстан конституциясының жаңа нұсқасы күшіне енді


Орталық сайлау комиссиясы Өзбекстан конституциясының 30 сәуірде өткен референдумда қабылданған жаңа нұсқасы күшіне енгенін жариялады.

ОСК мәліметінше, заң 2023 жылғы 1 мамырда күшіне енді.

Бұның алдында комиссия жексенбідегі референдумға сайлаушылардың 84,54 пайызы қатысып, 90,21 пайзыы жаңа заңды қолдап дауыс бергенін хабарлаған.

Конституцияның жаңа нұсқасында Өзбекстан президентінің мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Заңның осы бабы негізінде қазіргі президент Шавкат Мирзияев тағы екі мәрте (14 жыл) мемлекет басқара алады.

65 жастағы Шавкат Мирзияев 2021 жылғы қарашада президент қызметіне екінгі мәрте сайланған. Оның қазіргі мерзімі 2026 жылы аяқталады. Жаңа конституциялық заң қабылданған соң президент сайлауы өтетін күн өзгерер-өзгермесі әзірге белгісіз.

Сенат төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафаев жаңа заң қабылданған соң Мирзияев мерзімі "өшіріледі", ол тағы екі мерзімге президент болып сайлана алады деп мәлімдеген.

Мирзияевтің өзі әзірге үшінші президент мерзіміне қатысты жоспарын жариялаған жоқ.

Шенеуніктер конституциялық өзгерістерді Мирзияев билікке келген уақытта басталған реформаларды жалғастырудағы маңызды қадам деп сипаттап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, осы уақытқа дейін реформалар әулеуметтік және экономикалық салалармен ғана шектелген, ал саяси салада ешқандай маңызды реформа жасалмаған. Халықаралық ұйымдар Өзбекстанда авторитарлық жүйе сақталды деп есептейді.

XS
SM
MD
LG