Ссылки доступа

Түрмедегі тәжік адвокаты туыстарына хат жазғаны үшін айып изоляторына отырғызылды 


Бузургмехр Ёров және оның анасы Хуриниссо Исхокова
Бузургмехр Ёров және оның анасы Хуриниссо Исхокова

Сотталған тәжік адвокаты Бузургмехр Ёров 15 тәулікке карцерге жөнелтілді.

Бузургмехр Ёровтың анасы Хуриниссо Исхокова 9 мамырда Озоди радиосына ұлының карцерге қамалғанын төрт күн бұрын білгенін айтты.

"Олар маған Бузургмехрдің айыпжайда екенін және оған тамақ беруге тыйым салғанын жеткізді. Олар не үшін карцерге жөнелткенін хабарламады. Ұлымды бес жылдан бері көрмедім", - дейді анасы.

Душанбедегі №1 абақты әкімшілігі бұл жайында пікір білдірмеді. Ол 15 мамырға дейін карцерде болады.

Бузургмехрдің ағасы Жамшед Ёров карцерге жөнелтуге оның колониядан жазған хаты себеп болуы мүмкін екенін айтты. Ёров хатында өзіне қарсы жаңадан қылмыстық іс қозғалғанын және оған "құпия" деген мөр басылғанын айтқан.

Адвокаттың айтуынша, өзіне қарсы іс түрмеде отырған Хасан Хасанов деген азаматтың арызы бойынша "алаяқтық" бабымен қозғалған. Арызда Ёров пен оның туыстары Хасановқа заңдық көмек көрсетеміз және түрмеден шығарып аламыз деп 42 400 мың сомони (4 мың доллардан астам) алғаны, бірақ уәдесін орындамағаны жазылған.

Бузургмехр Ёров Тәжікстанда "Исламның қайта жаңғыруы" партиясының сотталып жатқан мүшелерінің құқықтарын қорғай бастағаннан кейін, 2015 жылы қамауға алынған. Ол 2017 жылы "алаяқтық" және "жалған құжат әзірлеу" баптары бойынша 28 жылға сотталған. 2021 жылы "Рақымшылық туралы" заңмен оның қамаудағы мерзімі төрт жылға қысқарған.

2019 жылы БҰҰ-ның Негізсіз қамаулар бойынша жұмыс тобы Бузургмехр Ёровты соттау арқылы Тәжікстан "халықаралық заңды бұзғанын" білдіріп, тәжік билігін оны тез арада босатуды шақырған.

XS
SM
MD
LG