Ссылки доступа

Таулы Бадахшанда үкіметтік емес ұйымдар бірінен соң бірі жабылып жатыр


Хорог, Таулы Бадахшан автономиялы облысының әкімшілік орталығы
Хорог, Таулы Бадахшан автономиялы облысының әкімшілік орталығы

Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының азаматтық белсенділері жергілікті билік қоғамдық ұйымнан өз еркімен тарауды талап етті деп хабарлады. Билік болса жергілікті қылмыстық топтармен араласқан үкіметтік емес ұйым жұмысын тоқтаттық деп отыр.

Таулы Бадахшандағы кем дегенде бес қоғамдық ұйым өкілдерінің Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосына хабарлауынша, облыс билігі олардан қоғамдық ұйымдарды өз еркімен таратуды талап еткен. Озодимен сөйлескен белсенділер аты-жөні және ұйым атауы материалда аталғанын қаламады. Олар жергілікті биліктің қудалауынан сескенеді.

"Аймақтағы арнайы операциядан кейін шағын және орта кәсіппен айналысушылар күрт азайды. Жұмыс орны жоқ. Енді билік қоғамдық ұйымдардың ізіне түсті. Жергілікті тұрғындар осы ұйымдар арқылы көмек алып отырған. Билікке мұндай ұйымдардың қажеті жоқ, сол себепті олардан жұмысты өз еркімен тоқтатуды талап етті", дейді Хорог қаласындағы бір белсенді.

Аймақтағы азаматтық белсенділер қысым кейінгі екі айда күшейгенін айтып отыр.

ТБАО төрағасының баспасөз хатшысы Голиб Ниятбекзода Озоди радиосына 8 мамырда қоғамдық ұйымдар өкілдерінің мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның айтуынша, аймақтағы қылмыстық топтармен байланыс жасаған үкіметтік емес ұйымдардың ғана жұмысы тоқтады. Оның үстіне, ұйымдардың жарғыларында және тіркелу құжаттарында олқылық табылған, дейді әкімшілік өкілі.

"Қалған үкіметтік емес ұйымдар бұрынғыша жұмыс істеп жатыр, оларға ешкім қысым жасаған жоқ", деп мәлімдеген Ниятбекзода.

Таулы Бадахшанда нақты қанша үкіметтік емес ұйым бар екені туралы ресми мәлімет жоқ. Озоди радиосы дереккөздерінің хабарлауынша, қоғамдық ұйымдардың дені жұмысын тоқтатқан немесе "жабылғалы тұр".

Былтыр Тәжікстан билігі Таулы Бадахшандағы азаматтық қоғамға қысым жасады. 2022 жылғы мамыр оқиғасынан кейін Памир заңгерлері қауымдастығының басшысы Манучехр Холикназаров ұсталды. Тәжікстан Жоғарғы соты 2022 жылғы желтоқсанда оны "қылмыстық қауымдастық ұйымдастырды", "экстремистік ұйым қызметін ұйымдастырды" деген айыптармен 16 жылға соттады. Манучехр Холикназаров айыптарды жоққа шығарды. Ол сотталған соң Памир заңгерлері қауымдастығы жабылып қалды.

"Номус ва шараф" ("Ар-намыс") қоғамдық ұйымы оның құрылтайшысы Ульфатхоним Мамадшоева 20 жылға сотталғаннан кейін жабылды. Тәжікстан соты оған терроризм, қылмыстық ұйым құрды, мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға талпынды деген айыптар тақты.

2023 жылғы сәуірде БҰҰ-ның нәсілдік алалаумен күрес жөніндегі комитетінің өкілі Шейха Абдулла Әли әл-Миснед Тәжікстан үкіметін Таулы Бадахшандағы азаматтық белсенділерге қысым жасады деп сынаған.

XS
SM
MD
LG