Ссылки доступа

Қырғызстан парламентінде конституцияны өзгерту жөнінде ұсыныс айтылды


Жогорку Кеңештің 10 мамырдағы отырысында депутаттар "Бүтін Қырғызстан" фракциясының үкіметті тарату туралы ұсынысын талқылады.

Осы мәселені бұның алдында қараған салалас комитет депутаттарға ұсыныстан бас тартуға кеңес берген.

"Бүтін Қырғызстан" фракциясы үкіметті конституция талаптарын орындамағаны үшін тарату керек деп есептейді. Фракция өкілдерінің мәлімдеуінше, Қырғызстанда зейнетақы мен жәрдемақы төменгі өмір сүру шегінен төмен, бұл - заңға қайшы.

Ұсынысты талқылау қарсаңында депутат Мирлан Самыйқожо конституцияны өзгерту жөнінде ұсыныс тастады. "Ақылбек Жапаров қызметтен кеткенімен ештеңе шешілмейді. Жогорку Кеңешке конституцияны өзгерту жөнінде ұсыныс тастайық. Ел болашағы үшін осылай жасау қажет" дейді депутат.

Идеяны "Бүтін Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров қолдаған.

Ақыр соңында үкіметті тарату мәселесін дауысқа салған депутаттар мұндай ұсыныстан бас тартқан.

Қырғызстанның қолданыстағы конституциясы 2021 жылғы 11 сәуірдегі референдумда - билікке Садыр Жапаров келгеннен кейін қабылданған.

XS
SM
MD
LG