Ссылки доступа

Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстан мен Өзбекстанға да қатысы болуы мүмкін


Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен сейсенбі күні Киевке сапары барысында ЕО-ның Украина аумағына басып кіруіне байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциясының мазмұны туралы айтты. Санкциялардың 11-топтамасының үшінші бір елдерге, солардың ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға да қатысы болуы мүмкін.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, санкциялардың жаңа топтамасы үш түрлі элементтен тұрады. Еуроодақ соның көмегімен Ресейге үшінші бір елдер арқылы жеткізілетін тауарларға шектеу қойғысы келеді. Бұған қоса, ЕО сакнцияларды үшінші бір елдер арқылы айналып өтуге тосқауыл болатын жаңа тетіктер құруды көздейді.

"Еуропалық тауарлар үшінші бір елдер арқылы Ресейге жеткенін көрсек, Еурокомиссия ұйымға мүше елдерге осы тауарларды экспорттауға санкция енгізуді ұсынуы мүмкін", дейді фон дер Ляйен. Еурокомиссия басшысы "кейбір тауарлардың экспорты әдеттен тыс артып кеткенін" атап өткен.

ЕО әсіресе технология салалары мен авиация өндірісіне қатысы бар тауарлар экспортына шектеу қоюы мүмкін.

DPA агенттігінің ЕО-дағы дереккөзінің мәлімдеуінше, Ресей қарсы санкцияларды сақтамаған елдер арасында Қазақстан, Армения және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Ал Bloomberg агенттігінің дереккөзі мұндай механизмнің "алғашқы нысаны" Орталық Азия елдері болуы мүмкін екенін айтқан. Бұның алдында америкалық Politico ресурсы Еуроодақ санкцияларының 11-топтамасының Қазақстан мен Өзбекстанға қатысы болуы мүмкін екенін жазған.

Урсула фон дер Ляйеннің Киевке сапары Еуропа күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұның алдында Украина президенті Владимир Зеленский елді 9 мамырды Еуропа күні деп белгілеу жөнінде жарлық шығарған. Енді Украина, Еуропаның басқа да елдері секілді, фашизмді жеңген күнді 8 мамырда атап өтеді.

XS
SM
MD
LG