Ссылки доступа

IBA әйгілі өзбек боксшысы Руфат Рискиевке өмірлік зейнетақы тағайындады


Өзбек боксшысы Руфат Рискиев
Өзбек боксшысы Руфат Рискиев

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) бокстан ең алғашқы әлем чемпиондарының бірі Руфат Рискиев зейнетақы тағайындады. Өзбек боксшысы 1974 жылы Гаванада (Куба) әлем чемпионы атанып, 1976 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін алған.

IBA басшысы Омар Кремлев ауруханада жатқан 73 жастағы Рискиевтің жағдайын сұрап барып, оған чемпион белдеуі мен Бухенвальд концлагері тұтқыны болған боксшы Андрей Борзенко атындағы "Жеңіске деген ұмтылыс" сыйлығын тапсырды.

"Біз бокс қауымының әрбір мүшесінің жағдайын жасағымыз келеді. Сіз бокстың негізін қалаушылардың бірісіз, аңыз адамсыз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жаңа буын спорттың осы бір керемет түрімен шұғылданып жүр", дейді IBA президенті Омар Кремлев.

ӨзА агенттігінің хабарлауынша, Кремлев Рискиевке IBA атынан 10 мың доллар көлеміндегі сыйақы тапсырды. Бұған қоса, қауымдастық ардагер спортшыға ай сайын 1000 доллар төлеп тұратын болды.

Әйгілі өзбек боксшысы Руфат Рискиев 2016 жылы бір аяғынан айрылды. Дәрігерлер оның оң аяғындағы қан тамырлары қабынып кетуіне байланысты ампутация жасаған.

Руфат Рискиев – КСРО-ның төрт дүркін чемпионы. Ол 1974 жылы Гаванада бокс тарихындағы алғашқы әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Екі жылдан кейін Монреальдағы Олимпиада ойындарында совет боксшылары арасында финалға шыққан жалғыз боксшы атанып, күміс жүлдеге ие болды. Ақтық сындағы үшінші раундта америкалық Майкл Спинкс белден төмен қарай ауыр соққы жасап, төреші кездесуді тоқтатты. Америкалық боксшы ереже бұзғанына қарамастан жеңіс соған берілді. Олимпиада ойындарынан кейін "ташкенттік барыс" былғары қолғабын шегеге ілді.

Руфат Рискиев 189 кездесу өткізіп, 174 мәрте жеңіске жеткен.

XS
SM
MD
LG