Ссылки доступа

Тәжікстанда Иегова куәгерлерінің мүшесі рақымшылықпен бостандыққа шықты 


Шамиль Хакимов
Шамиль Хакимов

Тәжікстанда "Иегова куәгерлері" діни ұйымның 72 жастағы мүшесі Шамиль Хакимов 16 мамырда бостандыққа шықты. Бұл туралы Озоди радиосы хабарлады. 

Ақпаратқа қарағанда, 2019 жылдың ақпан айынан бері қамауда отырған Хакимовтың жаза мерзімі рақымшылық негізінде 3,5 жылға қысқартылды.

Адвокаттың сөзінше, Хакимовтың денсаулығы күрт нашарлап кеткен – оның аяғына екі рет операция жасалып, қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып, оң көзі көрмей қалған.

2019 жылдың күзінде Шамиль Хакимов діни араздықты қоздыру бабы бойынша 7,5 жылға сотталған. 2022 жылы оның адвокаты Хакимовтың бір көзі көрмей қалғанын хабарлаған.

Шамиль Хакимов 2019 жылы ақпан айында тыйым салынған діни кітаптарды тарату, экстремистік мінездегі сурет және видеоматериалдарды сақтау айыбымен қамалған.

2021 жылдың ақпан айында АҚШ-тың діни еркіндігі бойынша комиссия өкілі Нури Туркель тәжік билігін Хакимовты бостандыққа шығаруға шақырған.

2022 жылы АҚШ-тың Душанбедегі елшілігі де оны босатуға үндеген.

2008 жылы Тәжікстанда Душанбе әскери сотының шешімімен "Иегова куәгерлері" ұйымының қызметіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG