Ссылки доступа

Тәжікстанда журналист Хуршед Фозиловтың ісі сотқа өтті 


Тәжікстандық журналист Хуршед Фозиловтың ісі Пенжикент қалалық сотында қаралады. Бұл туралы Озоди радиосы адвокаты Дилафруз Самадоваға сілтеме жасап хабарлады. 

Журналистің ісін Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) Соғды облыстық басқармасы тергеген. Бірақ Фозиловтың Пенжикентте туып-өскені есепке алынып, оның ісін аталған соттың қарауына жіберу жөнінде шешім қабылданған.

Хуршед Фозиловтың үстінен сот отырысы қашан өтетіні белгісіз.

37 жастағы журналист Хуршед Фозилов биыл 6 наурызда қамалған. Аймақтық журналист жергілікті және халықаралық басылымдармен әріптестік етіп, Зерафшан аймағындағы тұрғындар проблемасын жазып келген. Өз мақалаларында ол жергілікті билік өкілдерін сынап, әлеуметтік желілерде белсенді болған.

Фозиловқа қарсы "Тәжікстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгерту" бабы бойынша айып тағылған. Ол кінәлі деп танылса, бес жылдан сегіз жылға дейін еркінен айырылуы мүмкін.

Журналист өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамады.

2022 жылы Тәжікстанда жеті журналист және блогер қамауға алынып, жеті жылдан 21 жылға дейінгі мерзімге сотталған. Олардың ішінен Далери Имомали, Абдулло Гурбати, Абдусаттор Пирмухаммадзода және Завкибек Саидамини тыйым салынған ұйымдармен байланысы бар деп танылған. Журналистердің туыстары олардың тергеу абақтысында азапталғанын айтып келеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары журналистер мен блогерлерді қамауға алғаны үшін тәжік билігін сынға алып, оларды тез арада бостандыққа шығаруға шақырған. Бірақ ресми Душанбе пікір білдірген емес.

XS
SM
MD
LG