Ссылки доступа

Тергеушілер "Кемпірабад ісіндегі" 12 айыпталушының мүлкіне тыйым салды


Қырғызстанда "Кемпірабад ісіндегі" 12 айыпталушының мүлкіне тыйым салынды. Бұл туралы құқық қорғаушы Рита Қарасартованың қызы Қасиет Мамырбай фейсбуктегі парағына жазды.

Ол тергеу тобының жетекшісі Ұлан Жәпеков шығарған қаулының көшірмесін әлеуметтік желіге жариялады. 2023 жылғы 19 мамырда шығарылған құжатта қылмыстық іс "жаппай тәртіпсіздікке дайындалды" деген айып негізінде қозғалғаны айтылған. Жарлықта 12 айыпталушының аты-жөні аталған. Олар: Равшан Жеенбеков, Жеңіш Молдокматов, Бектұр Асанов, Марат Баязов, Кеңешбек Душебаев, Рита Қарасартова, Айбек Бузурманқұлов, Әли Шабдан, Ақыл Айтбаев, Сарылдық уулу (Шәменов) Ильгиз, Әзімбек Бекназаров және Темір Махмұдов.

Тергеуші қаулысында көрсетілген айыптан бөлек "Кемпірабад ісіндегі" айыпталушыларға тағы бір ауыр қылмыс - "билікті күшпен басып алуға талпыныс" айыбы тағылды. Күдіктілердің адвокаттарының хабарлауынла, тергеу аяқталып қалды.

"Кемпірабад ісі" аясында 2022 жылғы қазанда 27 адам ұсталды. 16 күдікті содан бері қамауда отыр, қалғандары үйқамаққа босатылды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ұсталғандар "халықтың құлағын көтерді", сонымен бірге "мемлекеттік төңкеріс" ұйымдастыруға талпынды деп мәлімдеген.

"Кемпірабад ісі" бойынша ұсталғандар су қоймасы аумағын Өзбекстанға беруге қарсы екенін ашық айтып, оны қорғау жөнінде комитет құрған. Қылмыстық іс қозғауға "Кемпірабад су қоймасын қорғау жөніндегі комитет" мүшелерінің Бішкектегі кафелердің бірінде өткен кездесуінде жасырын жазылған аудиотаспа негіз болған.

XS
SM
MD
LG