Ссылки доступа

Прокурор тәжік журналисі Хуршед Фозиловқа 7,5 жыл сұрады


Журналист Хуршед Фозилов
Журналист Хуршед Фозилов

Мемлекеттік айыптаушы тәжік журналисі Хуршед Фозиловты 7,5 жылға бас бостандығын айыруды сұрады. Адвокат Анвар Бобохонов сотта айыптауларды негізсіз деп есептейтінін айтып, қорғауындағы азаматты босатуды өтінді.

Журналист Хуршед Фозиловтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот 25 мамырда Худжанд қаласындағы тергеу изоляторында басталды.

Сотталушының бауыры Хушбахт Фозиловтың Азаттыққа хабарлауынша, өзі мен анасына сотқа қатысуға рұқсат берген. Бұның алдында сот процесіне адвокат пен екі куәгер ғана жіберілетіні хабарланған.

Хуршед Фозиловты екі адвокат - Дилафруз Самадова мен Анвар Бобохонов қорғап жатыр. 26 мамырда адвокат Дилафруз Самадова сөйлейді.

10 мамырда Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің Соғды облысы бойынша басқармасының тергеушісі Фозилов ісін тергеу аяқталғанын хабарлаған.

Журналист 6 наурызда Пенжикент қаласында ұсталған. Оған тыйым салынған экстремистік ұйымға қатысты деген айып тағылған. Фозилов айыптардың бәрін шетке қағады.

Журналист қамауға алынғанға дейін, тәуелсіз және шетелдік БАҚ-пен тығыз қарым-қатынас жасап, еліндегі өзекті мәселелері көтеріп келген. Ол әлеуметтік желілерде де белсенді болған.

Былтыр Тәжікстанда жеті бірдей журналист және блогер ұсталып, ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілген.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Душанбені журналистерді тез арада босатуға шақырып келеді.

XS
SM
MD
LG