Ссылки доступа

Былтыр Тәжікстанда 14 адам өмірлік түрме жазасына кесілді. Олардың көбі Таулы Бадахшан тұрғыны


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

2022 жылы Тәжікстандағы соттар өмірлік түрме жазасын бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен екі есе көп қолданған.

Тәжікстан Жоғарғы соты статистика бөлімінің басшысы Ахлиддин Меликзоданың айтуынша, былтыр 14 адамға өмірлік түрме жазасы тағайындалған. Салыстырар болсақ, 2021 жылы мұндай жазаны 8 адам алған.

Өмірлік түрме жазасына кесілген он адам - Таулы Бадахшан автономиялы облысының тұрғындары. Олар: Толиб Айёмбеков, Мунаввар Шанбиев, Холбаш Холбашев, Гуломәли Айёмбеков (Толиб Айёмбековтің ұлы), Хайримамад Дустмамадов, Аслан Гулобов, Ниёзшо Гулобов, Наджмиддин Шерджонов, Имомназар Шоиширинов, Кулмамад Паллаев.

Тәжікстан билігі оларға терроризм, қасақана кісі өлтіру, мемлекетті сату айыптарын таққан. Сотталғандардың туыстары олар кінәлі емес деп есептейді.

Толиб Айёмбековтің жақын туыстарының бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне үкімет шыққан соң сотталушымен бір мәрте ғана кездесе алғанын айтты.

"Толиб үкіммен келіспеймін деді. Оның мемлекетке сіңген еңбегі бар, президент оған екі мәрте медаль таққан. Бірақ ол ұлына да өмірлік түрме жазасын тағайындағанына өкінеді. Ұлы да өзін кінәлімін деп есептемейді. Туыстары мен жақындары қылмыстық істің қайта қаралғанын қалайды, алайда адвокаттар оларды қорғаудан қорқады" дейді Толибтің туысы. Біз оның аты-жөнін жеке қауіпсіздігі үшін мақалада атамауды жөн көрдік.

Оппозициялық саясаткер Әлім Шерзамонов Таулы Бадахшандағы оқиғаларға байланысты ұсталғандарға шығарылған үкімдер әділетсіз деп есептейді.

"Туыстары өмірлік түрме жазасына кесілгендердің жағдайы туралы мәлімет ала алмай жүр. Оларға Қызыл Крест қызметкерлерін ғана емес, БҰҰ өкілдерін де кіргізбеді. Сотталғандардың бірі Имом Шоимширинов ешқандай қылмыс жасамаған. Ол азаматтық белсенді, шенеуніктердің заң бұзғанын елемей өте алмайтын. Өзім жақсы танитын тағы бірнеше адамға әделітсіз жаза тағайындалды" дейді Шерзамонов.

"Бузургмехр қорының" басшысы, заңгер Жамшед Ёровтың айтуынша, белсенділер мен оппозиция өкілдеріне қатысты соттар жабық өтті, сол себепті жоғарыда аталған баптар бойынша қылмыстық іс қозғау негізі ғана емес, тергеу мен сот процесінің қалай жүргеніне қатысты күмәнді жайттар өте көп.

Тәжікстанда өмірлік түрме жазасы 2004 жылы өлім жазасы алып тасталғаннан кейін енгізілді. Мұндай жаза бірнеше қылмыс түрі бойынша ғана шығарылады. Олар: терроризм, қасақана кісі өлтіру, мемлекетке опасыздық жасау, кәмелет жасқа толмағандарды зорлау қылмыстары.

Осы уақытқа дейін қанша адамның өмірлік түрме жазасына кесілгені туралы мәлімет жоқ. 2017 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша, Тәжікстанда ең ауыр жазаны 80 адам өтеп жатқан.

XS
SM
MD
LG