Ссылки доступа

Тәжік елшілігі: Мәскеуде ұсталған 150 мигранттың 57-і тәжік азаматы


Тәжікстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, Мәскеуде "Митино" метро станциясы маңында 30 мамырда таңертең ұсталған 150 еңбек мигрантының 57-і тәжік азаматы.

Ұсталғандардың жиырмасы босатылды, қалған мигранттардың құжаттары тексеріліп жатыр.

Аудандық полиция бөлімінің елшілік өкіліне хабарлауынша, құжаттары тексерілген соң ұсталғандар белгіленген тәртіпке сай босатылады. Полиция бөліміне түскендер арасында басқа да елдердің азаматтары бар.

Бұның алдында тәжік мигранттары Азаттықтың Тәжік қызметіне құрылыс басындағы жұмысшылардың бәрін түнде тұрғызып, төрт автобуспен Митино аудандық ішкі істер бөліміне жеткізгенін хабарлаған. Олардың бәрі метро станциясына жақын маңдағы құрылыста істейді, құрылыс алаңындағы вагондарда тұрады.

Кейінгі бірнеше аптада Ресейдің түрлі аймақтарында тәжік мигранттарын көптеп ұстап жатыр. Дәл осы уақытта ресейліктердің Тәжікстан азаматтарына қарсы шағымдары көбейген. Жергілікті тұрғындар еңбек мигранттары бізді өз жерімізде тысқырып жатыр деп арызданған.

Мигранттардың кейбірі шағымдардың көбеюі мен қамауларды тәжік мигранттарына қарсы бағытталған науқанның бір бөлігі деп есептейді.

Өткен аптада Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семен Григорьев Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне шақыртылып, оған Душанбенің Ресейдегі тәжік азаматтарын жаппай ұстап жатқанына алаңдайтынын ескерткен.

XS
SM
MD
LG