Ссылки доступа

"Группа 24" Ресейдегі тәжік мигранттарына аяусыз әрекетін айыптады 


Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" қозғалысы Ресейдің құқық қорғау органдарының тәжік мигранттарына қарата жасап жатқан "қатал" және "адам төзгісіз" әрекетін айыптады. 

Оппозициялық қозғалыстың 1 маусымда жарияланған мәлімдемесінде орыс полициясының әрекеттері "нацисттік" деп аталған. Бұдан басқа онда "ешқандай әрекет көрмегені" және Мәскеуге жағынып жатқаны үшін Тәжікстан билігі де сынға алынған.

"Тәжік мигранттарының қамалуына және сабалуына қарсы Тәжікстанның сыртқы және ішкі істер министрліктерінің, сонымен бірге омбудсменінің реакциялары күлкі келтіреді. СІМ орыс елшісін шақырды, бірақ наразылық нотасын тапсырудың орнына алаңдаушылығын білдірді. ІІМ басшысы бұл оқиғалар бойынша объективті тергеу жүргізуді ғана өтінді. Тәжік билігі Путинге осыншалық тәуелді болғандықтан, алаңдаушылығын білдіріп, әділетті тергеу жүргізуді ғана өтінді", - деп жазылған қозғалыс мәлімдемесінде.

Оппозиционерлер Ресейде жүрген тәжік азаматтарына қайрылып, оларды мүмкін болса "террористтік, нацисттік және расисттік елден" шығып кетуге шақырды.

Соңғы екі аптаның ішінде Ресейде тәжік мигранттары жаппай қамалған жағдайлар көп тіркеліп жатыр. Ресей билігі "тәжіктерге қарсы" бұл оқиғаларға ешқандай пікір білдірген емес.

Бірқатар сарапшылар бұл Тәжікстанды ЕАЭО-ға кіруге мәжбүрлеуге бағытталған болуы мүмкін екенін білдіреді. Енді бірі орыс билігі осындай жолмен мигранттарды Украинадағы соғысқа жіберуді көздеп отыруы мүмкін дейді.

2012 жылы құрылған "Группа 24" қозғалысы Тәжікстанның Жоғарғы сотының шешімімен 2014 жылы экстремистік ұйым деп танылып, ел аймағында қызметіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG