Ссылки доступа

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Тәжікстанға келеді


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 5–6 маусымда ресми сапармен Тәжікстанда болады. Ол Душанбеде тәжік президенті Эмомали Рахмонмен, сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөз жүргізеді. Бұл туралы Ресей СІМ хабарлады.

Тәжікстан СІМ Сергей Лавровтың екі күндік сапармен келетінін растады, алайда сапар жоспары туралы ештеңе хабарламады.

"Кездесулерде екі ел қарым-қатынасының өзекті мәселелері, Мәскеу мен Душанбе одақтастығын әрі қарай дамыту мәселелері талқыланады" деп жазылған Ресей СІМ таратқан мәліметте. Онда тараптар Мәскеу мен Душанбенің басты халықаралық алаңдарда, соның ішінде ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, сонымен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ аясында жұмыс үйлестіру жайы да сөз қозғайды.

"Сергей Лавров сапар барысында Ресей-Тәжік (Славян) университетінде жас дипломаттар, студенттер, журналистер, сарапшылар мен ғалымдар алдында баяндама жасап, "Орыс классик жазушылары және православие" кітаптар топтамасын таныстыру кешіне қатысады, сонымен бірге Ресейдің 201-әскери базасына барады" деп хабарлады Ресей СІМ.

Сергей Лавров Тәжікстанға кейінгі екі аптада Ресейдегі тәжік мигранттарын ұстап, құжаттарын тексеріп жатқан уақытта келе жатыр. Арнайы жасақтар жұмысшылар тұрып жатқан жерге түнде немесе таңертең келіп, құжаттарын тексеріп, сұрақ қойғандарды ұстаған, ұрған. Құжаттары дұрыс еместерді ұстаған. Тексерулер Мәскеу қаласы мен облысында ғана емес, Санкт-Петербург, Амурдағы Комсомольск және басқа да өңірлерде жүріп жатыр.

Тәжіктерге қарсы науқан Лавровтың Тәжікстанға сапары кезінде талқыланар-талқыланбасы әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG