Ссылки доступа

Тәжікстанда аудандық прокурор жерге қатысты қылмыстарды ашпағаны үшін қызметтен алынды


Тәжікстанда Яван ауданының прокуроры Махмуд Шарифзода жерді заңсыз басып алу, жер саудасына қатысты істерге назар аудармағаны үшін қызметтен алынды.

Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон өткен аптада аудандық прокурорды қызметтен алу жөніндегі жарлыққа қол қойды.

Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерінің хабарлауынша, Махмуд Шарифзоданың жұмысын бас прокуратура құрған арнайы комиссия тексеріп жатыр.

Дереккөздердің айтуынша, Яван ауданында "жерге заңсыз иелік етуге" қатысты ондаған қылмыс анықталған, бірақ аудандық прокурор оларды байқамағандай сыңай танытқан.

Шарифзоданың өзінің немесе туыстарының осы іске қатысты пікірін білу мүмкін болмай отыр.

Махмуд Шарифзода 2020 жылы Яван ауданының прокуроры қызметіне тағайындалған. Әдетте аудандық прокурорлар мұндай қызметте бес жыл отырады.

Тәжікстанда жерге заңсыз иелік етуді "жазылмайтын жара" деп те атайды.

Билік мәліметінше, кейінгі уақытта тұрғындар ауыл шаруашылығына арналған жүздеген гектар жерге үй салып тастаған.

XS
SM
MD
LG