Ссылки доступа

Тәжікстан: ЕАЭО-ға кіру мәселесін қарап жатқан жоқпыз 


Тәжікстан билігі қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіру мәселесін қарап жатқан жоқ. 

Осылай деп ТАСС агенттігі Тәжікстан СІМ ақпарат және баспасөз департаментінің басшысы Шохин Самадиға сілтеме жасап хабарлады.

5 маусымда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Тәжікстандағы 201-ресейлік әскери базаға барған кезде, "Тәжікстан билігі ЕАЭО-ға кіру маңыздылығын анықтайды деп сенемін" деген.

"Тәжікстанның ЕАЭО-ға кіру мәселесі күн тәртібінде жоқ. Душанбедегі кездесу кезінде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, аймақтық қауіпсіздік және халықаралық ұйымдастар аясында ынтымақтастық мәселелері көтерілді",- деді Шохин Самади.

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Тәжікстанға ресми сапармен 5 маусымда барған. Ол бірден ресейлік әскери базаға барып, Украинадағы "арнайы операция" жайында айтқан.

6 маусымда Лавров Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен және тәжік әріптесі Сироджиддин Мухриддинмен жолықты.

"Мәскеу мен Душанбе терроризмге, экстремизмге және есірткі саудасына қарсы күресте бірігіп жұмыс істей береді", - деді Ресейдің сыртқы істер министрі.

Лавровтың Душанбеге сапары барысында Ресейдегі тәжік мигранттарының мәселесі де талқыланған. Сироджиддин Мухриддин миграция саласында байланысты нығайтамыз, тәжік мигранттарымен болатын кикілжіңнің алдын алуға тырысамыз деді.

Сергей Лавров сөзінде Ресей екі жыл бұрын бірнеше мыңдаған тәжік азаматына рақымшылық жасағанын атап өткен.

XS
SM
MD
LG