Ссылки доступа

8 маусымда Алматы мен Астанада кемінде 14 белсенді ұсталғаны хабарланды


Алматыда белсенділердің бірінің үйінің маңын күзеткен полиция қызметкері. 8 маусым, 2023 жыл.
Алматыда белсенділердің бірінің үйінің маңын күзеткен полиция қызметкері. 8 маусым, 2023 жыл.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 8 маусымда Алматы мен Астанада ұсталған белсенділердің тізімін жариялады.

Оның айтуынша, Алматыда полицейлер бес адамды ұстаған: Әсет Әбішев, Бибігүл Иманғалиева, Күміс Құлманова, Бауыржан Ахмедов, Сағадат Тәукебаева.

Ал Астанада тоғыз адам: Сейілхан Түсбеков, Мереке Нұғыманов, Эльвира Бекзадина, Венера Жанбаева, Ғалия Тамабаева, Әлішер Әбірахмонов, Бейбіт Тұрсынов, Әсел Оңланбекқызы, Мұратхан Мерон ұсталған.

Бұған дейін белсенділердің бір тобы 8 маусымда басталатын Астана халықаралық форумына орайластырып, саяси тұтқындарды босатуды, оның арасында Марат Жыланбаевты да босатуды талап етіп, митинг өткізетінін мәлімдеген. Олар осылайша шетелдік саясаткерлер мен дипломаттардың назарын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына аудартқысы келген. Алайда олар бейсенбі күні таңертеңнен бері ұстала бастаған.

Ұсталғандардың барлығы дерлік – тіркелмеген "Алға, Қазақстан" қозғалысының өкілдері. Билік олардың акция өткізу туралы өтінішін орындамаған.

Бейсенбі күні кейбір белсенділер таңертең үйінің маңын полицейлер торуылдап жүргенін айтқан.

"8-9 маусымда Астанада халықаралық форум өтеді. Онда билік шетел саясаткерлеріне, дипломаттарына, ғалымдары мен кәсіпкерлеріне Қазақстандағы "реформалар" туралы айтады, алайда (ескерту берілгеннен кейінгі) адамдарды заңсыз ұстау биліктің мәлімдемесін жоққа шығарады" деп жазылған "#БелсенділерЭкстремистЕмес" тобының телеграм-арнасында.

Полиция ұсталғандарға қатысты түсініктеме бермеді.

Ақпаратқа қарағанда, белсенділерді полиция үш сағаттан артық уақыт "заңсыз ұстап", хаттама толтырмай, кешке қарай босатқан. Желіде кейбір белсенділерге күш қолданылғаны туралы ақпарат шыққан. Ақпарат тексеріліп жатыр.

Қазақстанда бейбіт митингілер алдында белсенділерді ұстау – жиі кездесетін тәжірибе. Құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиналу құқығы жиі бұзылатынын айтып, 2020 жылы қабылданған бейбіт жиын туралы заңдағы кедергілерді алып тастауды талап етіп келеді. Билік сынға келіспейді.

XS
SM
MD
LG