11 маусымда кешке Степногорск қаласының әкімі қыстаққа келіп, кеншілерден наразылықты доғаруды сұрады. Кеншілер талаптарын әкімге тағы да қайталап айтты. Қала басшысы талаптарды 22 маусымда еске салуын сұрады. Әкім жексенбі күні кешке ереуіл өтіп жатқан жерге екі мәрте келді, инвестор табылып қалуы мүмкін екенін айтты.
"Алматыда бір инвестормен кездесу өтеді. 22 маусымда ресми түрде кездесу өткізуді ұсынамын. Сіздерді де шақырамын, сөйлесеміз, инвесторлар келеді, өнеркәсіп министрлігін де шақырамыз" дейді Степногорск әкімі Алпысбай Қайыржанов.
Кеншілер мен тұрғындар әкім ұсынысынан бас тартты. Олардың бір бөлігі жергілік мәдениет үйі алдындағы көшеге түнеп қалды. Кеншілер талап орындалмайынша осы жерден кетпейді.
"Біз Склярмен, Маржықпаевпен кездескіміз келеді, қалғандары ештеңе шешпейді. Біз мәселе шеше алатын адамдардың келуін талап етеміз" дейді кеншілер.
Наразылықтың алғашқы күні кеншілер премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға үндеу жолдаған.
Бестөбедегі шахта 2021 жылғы шілдеде жұмысын тоқтатты. Содан бері 1200 адам жұмыссыз қалды. Сол уақыттан бері шахталардағы суды сору тоқтатылған. Компания "суды төгетін жеріміз жоқ" десе, жұмысшылар мұны "халықты алтынды ашық әдіспен өндіруге итермелеу үшін жасалған әрекет" деген.
Былтыр желтоқсан айында компания Бестөбе кенішінің ұжымына ауылдағы қызметін тоқтату жөнінде шаралар қабылдап жатқанын және "уәкілетті мемлекеттік органдарға жер қойнауын пайдалану құқығын жаңа инвесторға қайта ресімдеуге көмектесуге дайын" деп үндеу жолдаған. 27 наурызда жұмысшылар жұмыстан босату туралы хабарлама ала бастады.