Ссылки доступа

Абай облысында өрт кезінде адам өліміне себепші болғандарды анықтамақ 


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкімет комиссиясының құрамымен Абай облысына барады. 

"Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерваты аумағындағы өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік және еңбек талаптарын бұзған адамдарды анықтау үшін тексеру жүргізеді делінген еңбек министрлігі таратқан мәліметте.

Төтенше жағдайдың себебін анықтап, салдарын жою үшін үкімет арнайы комиссия құрған.

Комиссия құрамында еңбек вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, орталық мемлекеттік органдардың және кәсіподақ өкілдері кірген.

Арнайы комиссия мемлекетке келген шығын көлемін анықтап, қайтыс болған адамдардың отбасына көмек көрсетуді қарайды.

Абай облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маусымда төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен алғаны, орнына Сырым Шәріпхановты тағайындағаны хабарланды.

Бұған дейін өртті сөндіруге Алматы, Жетісу және Қарағанды, Қызылорда облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберіліп жатқаны хабарланған. Өртті сөндіруге қорғаныс министрлігінің бөлімшілері де кіріскен.

11 маусымда өз аумағындағы өртті сөндіруге шығып, қаза болған 14 орманшының аты-жөні жарияланған. Экология министрлігінің хабарына қарағанда, олармен 9 маусымда байланыс үзілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандарды "Құрмет" орденімен марапаттау туралы жарлық шығарған.

11 маусымда кешке қарай Абай облысында төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өткен. Отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа "өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" сөгіс жариялаған.

Тоқаевтың жарлығымен 12 маусым Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшыларды жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланған.

XS
SM
MD
LG