Ссылки доступа

Қырғызстан жаңа әскери доктринасына "сыртқы агрессия" түсінігін енгізуді ұсынды


Қырғызстан қауіпсіздіктік кеңесінің 13 маусымдағы отырысында сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев осындай ұсыныс тастады.

"Біз осы доктринаны дұрыстап тұрып зерттеп, оған "агрессия" немесе "сыртқы агрессия" түсініктерін міндетті түрде енгізу қажет деген ойға келдік. Себебі 2021 және 2022 жылдары не болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол себепті агрессияға қарсы әрекетіміз осы доктринада айтылуы тиіс" дейді сыртқы істер министрі.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген президент Садыр Жапаров министр ұсынысын мақұл көрді. Жиналыс басында мемлекет басшысы "кез келген жанжалдың алдын алуға немесе дипломатиялық жолмен шешуге болады" деген. "Біз осы ұстанымды сыртқы және ішкі саясатта қолданамыз. Бізге қарсы қарулы агрессия жасалып, үйлеріміз бен инфрақұрылымдарды өртеп, азаматтарымыз өліп жатқанда, мұндайға қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Біз кез келген агрессорға тойтарыс беруге дайынбыз" дейді президент.

Сонымен бірге Садыр Жапаров әлемдегі жағдай "мемлекеттік жүйе мен әскерді нығайту қажеттігін меңзейтінін", сол себепті "әскери қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету әдісін қайта қарау қажет" екенін айтты.

Еске салайық, Қырғызстан әскери доктринасы әзірленіп жатқаны бір жыл бұрын - 2022 жылғы мамырда белгілі болған.

XS
SM
MD
LG