Ссылки доступа

Қырғыз құқық қорғаушылары парламенттен "шетел өкілдері туралы" заң жобасын кері қайтаруды сұрады


"Бир дуйно – Қырғызстан" адам құқықтарын қорғау қозғалысының өкілдері 26 маусымда Жогорку Кеңеш алдына жиналып, "шетел өкілдері туралы" заң жобасына қарсы үндеу таратты.

"Біз Қырғызстан конституциясын бұзбауға, ата заңға қайшы, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарға, БАҚ-қа қарсы заң жобасын кері қайтаруды сұраймыз" деп жазылған үндеуде.

Бұның алдында заңгер Таттыбубу Эргешбаева "шетел өкілдері туралы" заң жобасын 27 маусымда парламент комитетінде талқылау күн тәртібінен түсіп қалғанын хабарлаған.

Дегенмен құжат авторы Надира Нарматова 26 маусымда Азаттықтың Қырғыз қызметіне заң жобасы сейсенбіде талқыланады деген. Алайда Жогорку Кеңеш сайтында комитеттердің жиналысында мұндай заң жобасы талқыланатыны айтылмаған.

19 мамырда "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы қоғам талқылауына ұсынылған.

Құжат заңнамаларға "шетелдік коммерциялық емес ұйым" түсінігін енгізуді, мемлекет құзыретін кеңейтуді қарастырады.

Халықаралық ұйымдардың бірқатары, елшіліктер, БАҚ, бизнес қауымдастық және азаматтық қоғам заң жобасы Қырғызстандағы коммерциялық емес ұйымдар қызметін шектейтінін айтып, құжатты кері қайтаруға үндеген. Апта басында Қырғызстандағы қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділер үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасын қабылдамауды талап ететін петицияға қол жинай бастаған.

Үкіметтік емес ұйымдарды бақылауды күшейтуді көздейтін шетел агенттері туралы заң жобасын Надира Нарматова жазып, былтыр қарашада қоғам талқылауына шығарған. Құжатты әзірлеу барысында бастамашыл топқа тағы 32 депутат қосылған, бірақ олардың бірқатары авторлықтан бас тартып, құжатта адам құқықтарына қарсы шектен тыс шектеулер мен ережелер бар екенін айтқан.

"Әділет" заң клиникасы заң мәтініне сараптама дайындап, оның Ресей қабылдаған "Шетел агенттері туралы" заңнан 98% көшіріп алынғанын анықтаған.

XS
SM
MD
LG