Ссылки доступа

Германияға жұмысқа барған өзбек студенттері далада қалды


Жекеменшік жұмыс беру агенттігі арқылы Германияға жұмысқа барған жүзге жуық өзбекстандық далада қалды.

Мюнхен қаласындағы вокзалда екі аптадан бері түнеп жүрген бір өзбек азаматының айтуынша, "Turon World Cooperation" агенттігінің бір "өкілі" адамдарды Ferienjob бағдарламасы бойынша Германияға үш айға жұмысқа тұрғызамын деп уәде берген. Өзін Абдулла деп таныстырған бір жігіт қызметі үшін әр адамнан 700-1000 доллардан алған. Мигранттар алданып қалғанын Германияға келгеннен кейін ғана білген.

Өзбек студенттерінің бірі станцияда тұрып жатқанына үш апта болғанын айтты.

"Біз станцияда 4 маусымнан бері тұрып жатырмыз. Мұнда ай басында келдік. Үш айлық жұмыста айына кем дегенде 1000 еуро аласыңдар деп уәде берген. Алданып қалғанымызды осында келгеннен кейін ғана білдік" дейді жас мигрант.

"Turon World Cooperation" агенттігіндегілер Германияда далада қалған адамдарды жұмысқа жіберді дегенді жоққа шығарып отыр.

Өзбек студенттері Ferienjob бағдарламасымен Германияда үш ай жұмыс істей алады.

Беремендегі Raj Personal компаниясы шетелдіктерді Ferienjob бағдарламасы бойынша маусымдық жұмысқа орналастырумен айналысады. Компания менеджері Рой ван ден Хурк өзбек мигранттарының жағдайы қиын екенін түсінеді.

"Өзбекстандықтар үш айға созылатын маусымдық жұмысқа келеді. Мұнда студенттер жұмыс істейді. Жергілікті мәдениетпен танысады. Ақша табады. Қазір бізде 400 өзбек жұмыс істеп жүр. Келесі аптада тағы осынша адам келеді.

Алайда өзбекстандықтардың кейбірі ескертпей келіп алып, бізден жұмыс талап етеді. Бірақ бізде олар үшін жұмыс жоқ. Біреу оларға біздің мекенжайды берген, кейбіреуінің құжаты дұрыс емес, сол үшін ақша алған. Өкінішті жағдай. Өйткені бұл тегін бағдарлама, ол үшін ақша алмаймыз. Біреулер соны пайдаланып ақша жасауға ұмтылады. Сол себепті біз оларға Германияға келмей тұрып бізбен хабарласуды сұраймыз" дейді Raj Personal компаниясының менеджері Рой ван ден Хурк.

XS
SM
MD
LG