Жиналыста БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк әлем халықтарын діни араздық туғызатын әрекеттен бас тартуға, шыдамды болуға шақырған.
Кеңес қабылдаған қарарда "Адам құқықтары жөніндегі кеңес Қасиетті Құранды аяққа таптайтын қасақана әрекеттерді қатаң айыптап, діни араздық туғызғандарды жауапқа тарту қажет деп есептейді" деп жазылған.
Құжатты 28 ел қабылдады, 12 ел қарсы дауыс берді, олардың арасында АҚШ пен Ұлыбритания бар. Қарарға қарсы шыққан елдердің пікірінше, қарар адам құқықтары мен сөз еркіндігі қағидаларына қайшы келеді.
28 маусымда мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі кезінде 37 жастағы ирак босқыны Салван Момика Стокгольмдегі мешіт алдында Құран өртеді. Мұсылмандар қауымы Швецияны осындай акцияға жол бергені үшін айыптады.
Сауд Арабиясы, Ирак, Иран, Марокко және басқа да мұсылман елдері Құран өртеу оқиғасын сынады.