Ссылки доступа

Kompromatuzb ісі бойынша сот процесі жабық өтеді 


Ташкент қаласы Шайхантахур аудандық соты 18 шілдеде Kompromatuzb Telegram-каналы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты сот процесін бастады. Осылай деп Kun.uz сайты хабарлайды. 

Судья Толибжон Обидов істі жабық өткізу жөнінде шешім қабылдаған.

Биыл қаңтардың аяғында құқық қорғау органдары шенеуніктерге қарсы компромат мәліметтерді жариялаған Kompromatuzb Telegram-каналына байланысы бар деген күдікпен Human.uz басылымының директоры Хуршид Далиев пен бас редакторы Муслим Мирзажоновты қамауға алған.

Кейін бұл іске қатысты еңбек министрлігінің баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаева пен "Өзбекмұнайгаз" компаниясының бұрынғы баспасөз хатшысы Сиявуш Хошимов қамалған. Олардың бәріне "Жала жабу", "Ірі көлемде ақша бопсалау", "Салық төлеуден қашу" және "Қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру" баптары бойынша айыптар тағылған.

"Газета.уз" басылымының мәліметіне қарағанда, айыптау қорытындысында күдіктілер 19 жәбірленуші мен 10 азаматтық даугерге жалпы 5 млрд 140 млн сум зиян келтіргені жазылған.

Олардың арасында бұрынғы еңбек министрі Нозим Хусанов, сыртқы миграция агенттігінің экс-директоры Афзал Ирматов, "Узбекчорванасл" агенттігінің бұрынғы бас директоры Бахтиёр Атамурадов, Самарқанд облысы әкімінің баспасөз хатшысы Манучехр Мирзаев, Бұхара инженер-технологиялық институтының проректоры Мирзо Шарипов, CIBGROUP компаниясы басшысы Уйгун Турсунхожаев және басқа да шенеуніктер бар.

XS
SM
MD
LG