Бұл туралы 18 шілдеде Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі мен дереккөзі хабарлады.
Оқиға 14 шілдеде Ягтылык диқан бірлестігіндегі №19 мемлекеттік дүкені алдында болған. Бұл ауыл этрап орталығынан шығыста үш шақырым жерде орналасқан. Ұн кезегінде тұрғандардың төбелесі кезінде 45 жастағы әйел дүкенге кіреберістегі тепшектен құлап, оқиға орнында жан тапсырған.
"Өткен жұмада Гёроғлыда күндіз көлеңкедегі ауа температурасы 44 градустан асып түсті. Дүкен алдына 300-ге жуық адам жиналды. Олар арзан ұн таратылатын уақытты үш ай күткен. Дүкен маңында көлеңке болмаған. Адамдар шыжыған ыстықта ұн кезегінде төрт сағат тұруға мәжбүр болды" дейді оқиғаның қалай болғанын білетін дереккөз.
Саудагер ұн аз келгенін, бәріне жетпейтінін айтқан уақытта адамдар дүкенге қарай лап берген. Кезек жазбаша жүргізілгеніне қарамастан, ұнды басқалалардан бұрын алуға ұмтылған адамдар есік алдында сапырылысып қалған. Ауылдастар бір-бірімен ұрысып, соңы төбелеске ұласқан.
Төбелес салдарынан алты баланың анасы қайтыс болды. Жоғарыдан құлаған әйелдің басы тепшек қырына ұрылған. Ол ауыр жарақаттан сол жерде жан тапсырған.
Тұрғындар оны этрап ауруханасына жеткізген. Бірақ дәрігерлер оның өліп кеткенін естірткен. Жергілікті полиция оқиғаны тексеріп жатыр. Мемлекеттік дүкеннің саудагері ұсталды.
"Адамдар дүгенге кіруге ұмтылған сәтте саудагер оларды кері қарай итере бастаған, әйелдің тепшектен құлауына осы жағдай әсер еткен болуы мүмкін. Бейнебақылау камерасы түсірген видео тексеріліп жатыр. Этрап полициясы кезекте тұрғандарды тергеуге шақырта бастады" дейді дереккөз.
Бұл оқиға Түркіменстанда арзан бағамен сатылатын азық-түлік жетіспей жатқан уақытта болып отыр. Елдегі экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздық салдарынан түркіменстандықтар мемлекеттік арзан азық-түлігіне тәуелді болып қалды.
Мемлекеттік дүкендер халыққа арзан бағамен ұн, нан және өсімдік майын ғана береді.
Түркіменстан аймақтарында ай сайын адам басына бес келіден таратылады делінген үұн бірнеше айға кешігіп жатыр. Кейде тұрғындарға бес келі емес, бір ғана келі ұн таратылатын болған.
Бұған қоса, мемлекеттік дүкендерде нан тұрғындардың бәріне жетпей қалып жатыр. Ұн тапшылығынан әбден титықтаған халық мерзімі өтіп кеткен тауар сатып алуға мәжбүр.